ТҮРКІСТАН: ұлы жеңістің 80 жылдығын атап өту бойынша іс-шаралар жоспары пысықталды
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен Жеңістің 80 жылдығын мерекелеуге дайындық жөнінде жиын өтті. Оған ұйымдастыру жұмыстарына жауапты сала басшылары мен қызметкерлері қатысты.
Жиын барысында «Ұлы Жеңіс: Ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» атты өңірлік іс-шаралар жоспары пысықталып, ұсыныс-пікірлер ортаға салынды.
Бейсенбай Дәулетұлы Ұлы Жеңістің 80 жылдығы биыл кең көлемде аталып өтілетінін жеткізіп, жауапты тұлғаларға ұсыныс хат енгізу жөнінде тапсырма берді. Кеңес Одағының батырларын насихаттайтын, идеологиялық жаңғырту бағытындағы жаңа жобаларды ұсынуды міндеттеді. Қаржыландыру бойынша алдын ала қамдану керек екенін де ескертті.
Биыл Ұлы Отан соғысының батырларына құрмет көрсету, олардың ерлігін ұрпақ алдында мәңгілік ету, ел тағдыры, мемлекеттегі тыныштық пен тұрақтылық үшін мақтаныш пен жауапкершілік сезімін қалыптастыру мақсатында облыс аумағында 93 іс-шара жоспарланған.
Айта кетейік, Түркістан облысы бойынша Ұлы Отан соғысының 9 ардагері бар. Ардагерлерге мемлекет тарапынан тиісті қолдаулар көрсетіліп келеді.