Арыс: шаруаларға көрсетілетін мемлекеттік қолдаулар бойынша келелі кездесу өтті

0

Қала әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтың төрағалығымен шаруаларымен келелі кездесу өтті. Арыс, Отырар, Шардарадан келген шаруалар көкейдегі мәселелерін ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді.

Мәжіліс барысында жеңілдетілген пайызбен несие алу, тыңайтқыш пен жанар-жағармайға өтінім беру барысында кездесетін кедергілер ашық талқыланып, аудан аумағындағы ағын су мәселесі, су арналарының жағдайы жөнінде сұрақтар қойылды.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Ермұхан Құралбеков агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін берілетін жеңілдетілген несиелер мен ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік қолдаулар жөнінде баяндап, тәртібін тарқатып айтты.

Өз кезегінде ауылшаруашылық еңбеккерлері жеңілдетілген несие мен мемлекеттік субсидиялар, ағын су мен мемлекеттік қолдауларға қатысты өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Нұрбол Тұрашбеков көтерілген мәселелер мен ұсыныстардың барлығы заң аясында зерделеніп, соған сәйкес шешім қабылданатынын атап өтті.

Жиын соңында ауылшаруашылық басқармасы мен жергілікті аудан-қала әкімдіктерінің мамандары, сондай-ақ микроқаржы ұйымдарының өкілдері әр шаруамен жеке-жеке кездесіп, жан-жақты түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Барша Арыс қаласының шаруақожалық иелеріне агросалада мемлекеттік қолдаулар бойынша сұрақтары бойынша қалалық ауылшаруашылық бөлімі тарапынан кеңес алуға болатынын назарларыңызға жеткіземіз.


ПІКІР ЖАЗУ