Сайрам: «Тұрғындарды сапалы электрмен қамту жұмыстарын жүйелі жүргізу керек»

Аудан әкімі Арман Сәбитовтің төрағалығымен аппараттық лездемелік мәжіліс өтті. Жиынға тиісті сала және дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері қатысты.
Күн тәртібінде аудандық «Оңтүстік Жарық Транзит» мекемесі тарапынан атқарылған жұмыстар мен ағымдағы жылы инвест жоба аясында атқарылатын жұмыстар және облыс және аудан әкімінің хаттамалық тапсырмаларының орындалу барысы туралы мәселелер талқыланды.
Жиында аудандық «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС басшысы Сержан Байташов халықты электр қуатымен қамту бағытында 2024 жылы инвестициялық бағдарлама бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Сайрам ауданының электр энергиясының сапасын жақсарту мақсатында жоспардан тыс 2025 жылғы инвест бағдарламасына Қарамұрт, Ақсукент, Таскешу және Ақбай ауылдарында электр желілері енгізілуде екенін айтты. Бұдан бөлек, Қарамұрт, Манкент, Жібек Жолы, Ақсукент, Қарабұлақ және Көлкент ауылдарында КТП-10-6/0,4кВ қосалқы трансформатор жаңартылғанын жеткізді. 2025 жылы жоспарланған кесте бойынша бірқатар нысандарға күрделі және ағымдағы жөндеуден өтіп, техникалық қызмет көрсетілген. Алдағы уақытта Көлкент, Ақсукент, Бірлік ауылдарында тозығы жеткен сымдарды жаңа өздігінен оқшауланатын сыммен (СИП) төмен кернеулі ВЛ-0,4 кВ әуе желісі ауыстырылып, темірбетон бағаналар жаңартылу жоспарлануда.
Сала басшысының баяндамасын байыппен тыңдаған аудан басшысы Арман Сәбитұлы аудан аумағындағы 220 кВт қосалқы станциясының құрылыс жұмыстарын қолға алуды тапсырды. Сондай-ақ заңсыз электр желілерін жалғаған нысандарды анықтап, электр станцияларындағы істен шыққан жылу желілерінің жабдықтарын жаңартуды жүктеді.