Сауран: адам саудасының алдын алу бойынша мобильді топ жиын өткізді

0

Бүгін аудандық басқалармалар үйінде адам саудасының алдын алу және мәжбүрлі еңбек құрбандарын анықтау мақсатында ағарту мен ақпараттық іс-шаралар ұйымдастырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жиынға Сауран ауданы әкімінің орынбасары Серік Сәдібаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бас маманы – Мемлекеттік еңбек инспекторы Ғалымжан Сапаркулов, Түркістан облысы ПД ҰҚҚКБ аға жедел уәкілі полиция майоры Алмас Бектибаев, сондай-ақ «СанаСезім» ӘБҚОҚБ заңгері Элина Еникеева қатысты.

Кездесуде адам саудасы, оның салдары және мәжбүрлі еңбекке қатысты мәселелер кеңінен талқыланды. Ғалымжан Сапаркулов өз баяндамасында еңбек заңнамаларының сақталуын қамтамасыз ету, еңбек құқықтарын қорғау мәселелеріне тоқталып, халықты құқығы мен міндеттері туралы хабардар етудің маңыздылығын атап өтті. Ал Алмас Бектибаев полиция тарапынан жүргізілетін алдын алу шаралары туралы баяндап, азаматтарды алаяқтардан сақтандыру үшін қатаң шаралар қабылданатындығын айтты.

Жиында сондай-ақ, адам саудасы және мәжбүрлі еңбек мәселелеріне қатысты бейнематериал көрсетіліп, қатысушылардың сұрақтары мен пікірлері тыңдалды. Мұндай шаралар халықтың құқықтық сауаттылығын арттырып, адам саудасының алдын алуға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Қатысушылар бұл тақырыпты қоғамда кеңінен насихаттау қажеттігін, ақпараттық жұмыстарды күшейту мен азаматтарды заңды бұзушылардан қорғау үшін бірлескен күш-жігердің маңыздылығын атап өтті.


ПІКІР ЖАЗУ