Отырар: мәжіліс депутаты ауданға жұмыс сапарымен келді

0

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қайрат Балабиев Отырар ауданына арнайы жұмыс сапарымен келді. Мәжіліс депутатын аудан әкімінің орынбасары Тоқсейіт Елекеев, «AMANAT» партиясы Отырар аудандық филиалының атқарушы хатшысы Е.Таңатаров күтіп алып, аудандағы бірқатар әлеуметтік нысандардың жұмысымен таныстырды.

Іс-сапары барысында алдымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы аясында құрылысы жүріп жатқан 600 орындық білім ұясында болып, мердігер мекеменің басшыларымен кездесті. Заманауи пәндік кабинеттермен, оның ішінде робототехника, кең жолақты интернет, жаңа модификацияланған кабинеттермен жабдықталатын мектепте оқушылардың сапалы білім алуларына толық жағдай жасалмақ. Сондай-ақ, жоғары және бірінші санатты мұғалімдер құрамының пайыздық үлесін, педагогикалық қызметкерлердің біліктіліктерін арттыруға мүмкіндік беріледі.

Аралау барысында жауапты сала басшыларына өндірістік кестеден кешікпей, жұмыстарды сапалы жүргізуді ескертті.

Мұнан соң Талапты ауылдық округіне қарасты Шытты елді мекеніне барып, жақында ғана пайдалануға берілген фельдшерлік-акушерлік тіректің жай-күймен танысты. Жаңадан ашылған медициналық нысан аудан халқының әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған нақты қадамдардың бірі. Бұл нысан ауыл тұрғындарының денсаулығын нығайтып, медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыруға септігін тигізеді.

Мәжіліс депутаты халықтың денсаулығы мен өмір сапасын жақсарту  басты міндет екенін атап өтті.

Жұмыс сапарының соңында «AMANAT» партиясы Отырар аудандық филиалы жанындағы бастауыш партия ұйымдарының төрағаларымен кездесіп, кездесуде мәжілісте қабылданған заңдардың негізгі тұстарына тоқталып, маңыздылығын түсіндіріп өтті.


ПІКІР ЖАЗУ