Келес: еліміздегі ең ірі жылыжай кешені көктемде іске қосылады

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Әли Бектаев, Мұрат Қадырбек және Алишер Сатыбалдиев пен Парламент Мәжілісінің депутаты Темір Қырықбаев Келес ауданына жұмыс сапарымен келіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысты. Сондай-ақ өңірдегі өзекті мәселелерден кеңінен хабардар болды.
Ең алдымен халық қалаулылары аудан орталығы Абай ауылындағы 600 орындық «Жайлы мектептің» құрылысымен танысты.
Тапсырыс беруші «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ы, бас мердігер «КДСМ» ЖШС-і болып табылатын құрылыс нысаны 2023 жылы желтоқсан айында басталған, тапсыру мерзімі 2025 жылға өтпелі.
Құрылыс нысанының учаске бастығы, әрі жоба жетекшісінің мәлімдеуінше қазіргі таңға жалпы құрылысқа қажетті қаражаттың 90 пайызы бөлінген. Ол бүгінде мердігер компания құрылыс жұмыстарын өз деңгейінде жүріп жатқанын жатқанын жеткізді.
Мұнан соң депутаттар ауданның индустриалды аймағында орналасқан «Ecoculture-Eurasia» жылыжай кешенінде болып, кешеннің бүгінгі жайымен танысты. Ақтөбе ауылдық округі аумағынан бірінші кезекте 2025 жылы жалпы құны 42,0 млрд. теңгені құрайтын 51,0 га жер учаскесіне жылыжай кешенін салып, 700 адамды жұмыспен қамту жоспарлаған. Бүгінгі таңда жылыжай кешеніне жоспарланған жер участкесінің 50,0 га жер көлеміне тегістеу жұмыстары аяқталды, оның ішінде 26,0 гектарға жылыжай кешенінің блоктары орнатылды. 2025 жылдың көктем мезгізілінде 26,0 гектарға жылыжай кешенін іске қосып, аудан тұрғындары үшін 350 тұрақты жұмыс орны ашылуы жоспарлануда.
Сапар соңында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қырықбаев Темір Базарбайұлы қоғамдық қабылдау өткізіп, Келес ауданы тұрғындарының өтініштерін тыңдады.
Қабылдауға аудан әкімінің орынбасары Жылқыбаев Сүлеймен Нұрланұлы, аудандық мәслихат депутаты, фракция жетекшісі Мережепов Нұрхан Хұсанұлы және аудандық бірқатар бөлім басшылары қатысты.