Түркістан облысында 70,9 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды

0

 Түркістан облысында ортақ жайылым жерді қайтару жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Аталған саладағы мәселелер облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде талқыланды.

Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілегеннің айтуынша, облыстың жер қоры 11 млн 610,3 мың гектарды құрайды. Өңірде пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы және Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланып жатқан жер телімдерін қайтару бойынша облыс әкімінің өкімімен ведомствоаралық кіші топтың құрамы бекітілген. 2024 жылға облыс бойынша 60,0 мың га жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару жоспарланған.

Есепті мерзімде 70,9 мың га жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды. Өңірде 2023 жылдың басында жайылым тапшылығы 2122,2 мың гектарды құраған болатын. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде жайылым тапшылығы төмендеп, 2024 жылы 608 мың гектар болды. 

Жиында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жайылым жерді қайтару жұмыстарын жандандыруды тапсырды. 

— Мемлекет басшысы ортақ жайылымдарды ел игілігіне қайтару міндетін жүктегені белгілі. Аудан, қала әкімдері жауапты басқарма мен департаментпен бірігіп, осы бағыттағы жұмысты жандандырыңыздар. Мақсатсыз пайдаланылып жатқан жерді қайтару ісі жүйелі түрде жүргізілсін. Космомониторинг нәтижелерін де назарға алып, сараптаған жөн. Мониторинг, зерделеу, халыққа түсіндіру жұмыстары тоқтамауы тиіс, — деді Нұралхан Көшеров.


ПІКІР ЖАЗУ