Түркістан облысының әкімі жолдарды күтіп-ұстау жұмыстарына жауаптыларды сынға алды

0

Республикалық маңызы бар жолдардың күтіп-ұстауына көңілі толмаған Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров сылбырт жұмыстарды сынға алып, «Қазавтожол» мекемесінің облыстағы өкілдеріне ескерту жасады. Жолдағы ақауларды дер кезінде ретке келтіруді тапсырған әкім жол бойындағы сервистік нысандардың санитарлық тазалығы талапқа сәйкес келмейтінін ескертті. Сондай-ақ қысқы маусымдағы тиісті жұмыстарды талапқа жүргізуді баса айтты.

Өңір басшысының төрағалығымен өткен кеңесте облыстағы жолдардың жағдайы мен жақсарту жоспары қаралды. Өзекті мәселелер ортаға салынып, жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктелді. Аймақ басшысы саладағы мәселелердің аз еместігін айтып, басқосу барысында тиісті тұлғалардан жауап алды.

Өңірдегі жолдардың жағайын Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев, республикалық жолдардағы жұмыстарды «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ-ның Түркістан облыстық филиалының басшысы Ербол Примбеков баяндады.

Биыл Түркістан облысындағы жергілікті маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесін 95%-ға жеткізу көзделген. 2025 жылы облыс аумағындағы автомобиль жолдары саласын дамыту үшін құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 202 нысан немесе 1 103 шақырым жолдар мен көшелер қамтылмақ. Жыл қорытындысымен 547 шақырымды құрайтын 123 нысан пайдалануға берілмек. Облыстық, аудандық маңызы бар жолдар мен елді мекен көшелері жаңарып, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша 140 елді мекенде 89 нысанды жөндеуден өтеді.

Сапаны арттыруға бағытталған жұмыстарға күш салынады. Нысандардағы жұмыстар мен қолданылып жатқан материалдардың сапасы жауапты және қадағалаушы мекемелерден бөлек, «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК ТО филиалының тұрақты бақылауында. Сынама сапасы талапқа сай келмейтін нысандар қабылданбайды. Сот арқылы кемшіліктер қайта қалпына келтіріледі.

– Басты талап – жол жөндеу жұмыстарына бақылауды күшейтіп, сапаның сақталуын қатаң қадағалау. Әрбіріміз өз міндетімізге аса жауапкершілікпен қарауға тиіспіз. Бейінді басқарма мен жол қызметкерлеріне қойылған талап жоғары, сұраныс та жоғары болмақ! – деді Нұралхан Көшеров.

Облыс әкімі қауіпсіз жол қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында жүйелі және нақты жұмыстар атқаруды, аудан, қалалардағы жолдарды талапқа сай салып, күтіп-ұстау жұмыстарын қатаң бақылауға алуды тапсырды. Автомобиль жолдарының бұзылуына жол бермеу үшін, кен орындарына арнайы таразылар орнатып, заң талаптарын сақтауды қамтамасыз етуді жүктеді.


ПІКІР ЖАЗУ