Сайрам ауданында 401 спорт нысаны бар
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа Жолдауында спорт саласын дамыту міндетін жүктеді. Әсіресе, балалардың спортпен айналысуына жағдай жасау қажет екенін айтты. Осы бағытта Түркістан облысының Сайрам ауданында спорт инфрақұрылымын жақсартуға көңіл бөлінуде. Бүгінде өңірде 400-ден астам спорт нысаны бар. Оның ішінде 118 спорт залы болса, 4 спорт кешені, 252 спорт алаңы, жүзу бассейні мен стадиондар, теннис корты, оқу-жаттығу жиындарын өткізетін орталық сынды нысандар тіркелген.
– Бүгінде ауданда 10 коммуналдық мемлекеттік меншіктегі спорт мекемелері тіркеліп, аталған спорт мекемелерде 18 спорт түрінен 11 ауыл округтерін қамтып отыр. Аталған мекемелерде 390 оқу тобымен 7 080 спортшылармен 151 жаттықтырушы, 25 әдіскер және 13 спорт нұсқаушысы жұмыс істеуде. Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында 2024 жылдың жыл басынан желтоқсан айына дейін спорт мекемелері және демеушілер тарапынан 158 іс-шара өткізілген. Оған 14 300 адам қамтылды. 2024 жылы спорт нысандарында жастардың бос уақыттарын тиімді пайдалану үшін спортқа 14-18 жас аралығындағы 2000 жастар тартылды. Нәтижесінде өткен жылдың қорытындысымен жастарымыз аудан қоржынына 38 алтын, 36 күміс, 54 қола салды. Бұның бәрі – спорт саласына жасалған қамқорлық әрі үлкен қолдау деп түсінемін, — дейді Сайрам аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Даулетхан Алашбаев.
Айта кетейік, «Ауыл ел бесігі» бағдарламасымен Сайрам ауданының Қарасу ауылында спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Онда Қарасу, Ақбай, Жаңатұрмыс, Бескепе және Қызылсу ауылдарынан 800 ге жуық жастар мен жасөспірім балалар бокс, күрес, волейбол, баскетбол, үстел теннисі сынды спорт түрлерімен айналасуға және облыстық, республикалық деңгейде спорттық іс-шаралар ұйымдастыруға мүмкіндік болады. Сонымен қатар, жеке инвесторлар тарапынан Қарасу, Қарабұлақ, Арыс және Ақарыс ауылдарында спорт нысандары бой көтеруде.