ТҮРКІСТАН: мемлекеттік сатып алу заңнамасына енгізілген өзгерістер түсіндірілді
Бүгін Түркістан облысы мемлекеттік сатып алу басқармасының ұйымдастыруымен «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңына енгізілген толықтырулар мен өзгерістер бойынша құқықтық оқыту өтті. Семинарға облыстық басқармалардың қызметкерлері мен онлайн байланыс арқылы аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Нұрлан Аманқұлов заңнамаға енгізілген өзгерістер туралы кеңінен тоқталып, заңбұзушылықтардың алдын алу мен біліктікті көтеру бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жауапты тұлғаларға мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың жауапкершілігін күшейтуді тапсырды.
Сонымен қатар жиында «Тауарларды мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру» бөлімінің басшысы Дастан Байдалиев 2025 жылы күшіне енген Заңда сатып алу процесінің рәсімдерін оңтайландыруды, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуды және бәсекелестікті дамыту бойынша талаптары туралы толық ақпарат берді. Жиынға қатысушылар сұрақтарын қойып, жауаптарын алды.