Сайрам: 8 білім беру мекемесінің жылыту жүйесі табиғи газға ауыстырылды

0

Сайрам ауданында білім саласын дамыту, білім мекемелерінің инфрақұрылымын жақсарту, мектеп тапшылығын жою бағытында жұмыстар жалғасуда. Аудан басшысы Арман Сабитовтың төрағалығымен өткен басқосуда осы саладағы жұмыстар баяндалып, кемшіліктер де айтылды. Аудан әкімі сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.

Сайрам аудандық білім бөлімінің басшысы Бауыржан Ахметовтың баяндауынша, 2024 жылы аудандағы  8 білім беру мекемесінің жылу жүйесі табиғи газға ауысты. Қазіргі таңда 8 мекемдегі жұмыс толық аяқталып, мекемелер табиғи газға қосылды. Нәтижесінде табиғи газға қосылған білім нысандарының саны 58-ге жетті. 2025 жылы тағы 7 білім (3 мектеп, 4 балабақша) беру мекемесінің жылыту жүйесін қатты отыннан (көмір) табиғи газға ауыстыру жоспарлануда. Жалпы ауданында 74 мемлекеттік білім нысандарының 74-і де автономды жылыту қазандықтары арқылы жылытылады. Оның 58-і табиғи газ, 14-і қатты отынмен, үшеуі сұйық отынмен жылытылуда.

Ауданда балалардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру мақсатында іс-шаралар бекітіліп, тиісті жұмыс жалғасуда. Нәтижесінде ерте жүктілік, жасөспірімдер арасындағы суицид пен қылмыс дерегінің төмендегені байқалған. Жыл сайын балаларды жазғы сауықтырумен қамту шаралары жүргізіледі. Балалар үшін «Оқушылар үйі» мекемесінің жазғы сауықтыру лагері қызмет көрсетті. Өткен жылы 2 198 оқушы жазғы сауықтыру лагеріне барса, биыл бұл көрсеткіш 3 194 оқушыға жетпек.

Жиын барысында мектептерді жаңғырту жобасына енгізілген білім ұяларын жөндеу, асханаларын реттеу, оқу кабинеттерін жабдықтау және өзге де мәселелер айтылды. Аудан әкімі Арман Сәбитұлы мектептердің құрылысын сапалы жүргізу, білікті педагогтармен қамту мәселесіндегі жұмысты жүйелі атқаруды тапсырды.


ПІКІР ЖАЗУ