Сайрамда құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша мекемеаралық кездесу өтті

0

Қазіргі таңда жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі болып табылады. Осы орайда аудандық прокуратура, полиция басқармасы және білім бөлімінің ұйымдастыруымен кәмелетке толмаған балалар арасындағы және оларға қатысты жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында өткен жылы атқарылған жұмыс нәтижесін және ағымдағы жылға қойылған жоспарды талқылау, проблемалық мәселелерді шешу мақсатында Құрманбек Жандарбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде  мекемаралық жиналыс өтті.

Жиынға аудан прокуроры Дәулет Тлемисов, аудандық полиция басқармасының бастығы Мұрат Ермеков, аудан әкімінің орынбасары Мадияр Алипов аудандық білім бөлімінің мамандары мен әдіскерлері, білім беру ұйымдарының директорлары, педагог-психологтар, ата-аналар комитетінің төрағалары қатысты.

Кездесу барысында құқықтық тәрбие беру, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және оны болдырмау мақсатында нашақорлыққа, суицидке жол бермеу, тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы, осы мақсатта құқық бұзушылықтың алдын алу және олармен күресу жолдары баяндалып, атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды. Сонымен қатар кәмелетке толмаған жасөспірімдердің түнгі уақытта көңіл көтеретін орындарда және көшеде ата-анасыз жүрмеуін қадағалау мақсатында тұрақты рейдтік іс-шаралар жүргізілетіндігі айтылды.

«Құқық бұзушылық», «алаяқтық», «буллинг» термині түсіндіріліп, оның түрлері мен зардаптары туралы мәлімет берілді. Жасөспірімдер мен он алты жасқа дейінгі балаларға мопед, мотоцикл техникаларын басқаруға қатаң тыйым салынатындығы туралы ескертілді. Жиын соңында қатысушылар сұрақтарын қойып, өз ойларымен бөлісті.


ПІКІР ЖАЗУ