Теңгедегі депозиттерде ақша сақтау қаншалықты қауіпсіз?

Қазақстанда депозиттерді міндетті кепілдендіру жүйесі жұмыс істейді, ол банк лицензиясынан айырылған жағдайда да салымшыларға қаражатты қайтаруды қамтамасыз етеді. Оның қалай жүзеге асатыны туралы толығырақ BAQ.KZ тілшісінің материалында баяндалды.
Заңның 17-бабына сәйкес, кепілдіктер барлық түрдегі салымдарға, оның ішінде шартты және талап етілгенге дейінгі депозиттерге, сондай-ақ төлем карточкаларындағы және банктік шоттардағы қаражатқа қолданылады. Банк лицензиясынан айырылған күнге дейін есептелген сыйақы (пайыздар) да өтемақы сомасына енгізіледі.
Кепілдік қоры қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге қатысады және банк лицензиясынан айырылған жағдайда салымшылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғайды, – делінген Ұлттық банктің BAQ.KZ ресми сұрауына берген жауабында.
Өтемақының ең жоғары мөлшері:
- теңгедегі жинақ салымдары бойынша – 20 млн теңгеге дейін;
• теңгедегі басқа депозиттер, сондай-ақ карталар мен шоттар бойынша – 10 млн теңгеге дейін;
• шетел валютасындағы депозиттер бойынша – 5 млн теңгеге дейін (баламасында).
Бір салымшының бір банкте бірнеше депозиті болса, өтемақының жиынтық сомасы түрлері мен валюталары бойынша белгіленген шектеулерді ескере отырып, 20 млн теңгеден аспайды. Қорда жинақтарды әртүрлі банктерге бөліп сақтауға кеңес береді, бұл лимиттен асу тәуекелін азайтады.
Осылайша, депозиттерді міндетті кепілдендіру жүйесінің арқасында жинақты теңгеде де, шетел валютасында да сақтау сенімді болып саналады.
Банк лицензиясынан айырылған жағдайда қорғау тетігі автоматты түрде іске қосылады. Төлемдер 35 жұмыс күнінен кешіктірілмей басталады, алайда тәжірибе жүзінде 6-8 күннің ішінде-ақ жүзеге асырылады. Салымшылар өтемақыны бір жыл ішінде ала алады. Белгіленген лимиттен асқан сома банктің тарату комиссиясымен кезек тәртібі бойынша қайтарылады.
Осылайша, депозиттерді міндетті кепілдендіру жүйесінің арқасында жинақты теңгеде де, шетел валютасында да сақтау сенімді, – деп атап өтті Ұлттық банк.