Фейк, фишинг және жалған ұтыс ойындары – Ұлттық банк дабыл қақты

0

 Ұлттық банк азаматтардың жеке деректерінің таралу қаупі артқанына назар аударып, онлайн-сервистерді пайдалану кезінде цифрлық қауіпсіздікті күшейтуге шақырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Киберқылмыскерлердің басты нысанасы – банктік қосымшалар мен маркетплейстер

Банктік мобильді қосымшалар, маркетплейстер және түрлі онлайн-платформалар деректерді ұрлауға тырысатын қылмыскерлердің негізгі нысанасына айналып отыр.

Алаяқтар жасанды сайттарды, зиянды сілтемелерді, фишингтік хабарламаларды және тіпті QR-кодтарды пайдаланып, логин, құпиясөз және банк карталарының деректерін қолға түсіреді.

Жалған сауалнама мен ұтыс ойындары арқылы деректерді жинау

Алаяқтар азаматтарды түрлі сауалнамаларға, ұтыс ойындары мен конкурстарға қатысуға шақырып, байланыс мәліметтерін ғана емес, сонымен бірге биометриялық деректерді де (фото, аудио, бейне) жинайды. Кейін бұл ақпаратты нейрожелілер арқылы жалған аккаунттар ашуға пайдаланады. Осы жалған аккаунттардан достар мен туыстардың атынан хабарламалар жіберіп, «қауіпсіз шотқа» ақша аударуды сұрайды.

Ұлттық банк «қызметкерлері» болып алдау жиілеген

Алаяқтар соңғы кезде өздерін Ұлттық банк өкілі, полиция қызметкері, коммуналдық мекеме, медициналық ұйым немесе пошта қызметінің қызметкері ретінде көрсетуде. Сенімдірек болу үшін олар жалған құжаттарды және телефон нөмірін ауыстыру технологияларын қолданады, сөйтіп ресми қоңырауларға ұқсатып жібереді.

Ұлттық банктің ескертуі

Ұлттық банк азаматтарға құпиясөздер, SMS-кодтар, банк карталарының реквизиттері және өзге де құпия ақпаратты үшінші тұлғаларға бермеуді қатаң ескертеді.

Сонымен бірге мына қауіпсіздік шараларын сақтау ұсынылады:

  • аккаунттардың құпиялық баптауларын тексеру;
    • күрделі құпиясөздер пайдалану;
    • екі факторлы аутентификацияны қосу;
    • күмәнді сілтемелерден аулақ болу;
    • антивирус бағдарламаларын орнату.

Егер сіз алаяқтардың құрбаны болсаңыз немесе деректеріңіздің заңсыз қолданылғанын байқасаңыз, дереу Цифрлық даму министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитетіне және құқық қорғау органдарына хабарласу қажет,  — деп ескертті Ұлттық банктен.

Мамандардың айтуынша, тек қана сақтық пен цифрлық сауаттылық қана киберқауіптердің арту жағдайында өзіңізді қорғауға көмектеседі.


ПІКІР ЖАЗУ