Зорлық-зомбылық туралы жаңа заң: бір жылда не өзгерді?

0

 Қазақстанда әйелдер мен балалардың құқығын қорғауға бағытталған заңның қабылданғанына бір жылдам астам уақыт өтті. Осы уақыт аралығында елде тұрмыстық зорлық-зомбылық қаншалықты азайды? BAQ.KZ тілшісі осы мәселе бойынша Ішкі істер министрлігіне ресми сауал жолдады.

Ресми хатта «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заң қабылданғалы біршама уақыт өтті. Алайда тұрмыстық дау-дамай азайғанын көріп отырған жоқпыз. Заң қалай әсер етті? Нәтиже бар ма?» деген сұрақ қойылды.

Ведомствоның мәліметінше, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталған бірқатар заңнамалық шаралар қабылданды.

Әйелдер мен балалардың, оның ішінде отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқықтарын қорғау мәселелері әрқашан ішкі істер органдарының назарында. Айта кету керек, құқық бұзушылықтардың жекелеген құрамдарын криминализациялау отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеуде күтілген статистикалық өсуді көрсетті. 2024 жылғы 16 маусымынан бастап заңды күшіне енген жаңашылдықтың нәтижесінде яғни ұрып-соғу мен денсаулыққа жеңіл зиян келтіруді криминализациялауға байланысты жалпы құқық бұзушылықтардың саны өсті. Дегенмен, осы қатаңдатудың нәтижесінде одан ауырлау қылмыстардың азаюына қол жеткіздік, — делінген ведомствоның жауабында.

Сонымен қатар министрлік отбасылық және тұрмыстық қатынастар сипатындағы қылмыс көлемі біршама төмендеді деп отыр.

Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында қылмыстар саны 34,9%-ға азайды. Аса ауыр қылмыстар саны 65%-ға, ауыр қылмыстар-67,2%-ға, кісі өлтіру-27,5%-ға, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру фактілері-35,3%-ға, және ауырлығы орташа-31,3%-ға төмендеген, — деп жауап берді ІІМ.

Сондай-ақ 102 арнасына түсетін арыз-шағымға қатысты айтты.

ІІО-на (102 арнасына) келіп түсетін отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы арыздар мен шағымдарды қалыптастыру жәбірленуші адамдардың жынысына қарай бөлінбейді. Себебі отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласына заң бойынша отбасының барлық мүшесі, яғни жақын туыстар, ерлі-зайыптылар, бұрын ажырасқандар және ортақ баласы барлар жатады. Сараптама барысында арыз-шағымдардың 80% жәбірленушілері әйелдер екені анықталды, — дейді Ішкі істер министрлігі.

Еске салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігіне қатысты екі маңызды құжатқа қол қойды.


ПІКІР ЖАЗУ