Биыл ақпан айынан бастап Алматы қаласы кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасына қарасты «Алматы ветеринарлық қызметі» КМК пилоттық жобаны жүзеге асырып келеді.

Қызмет құрамында тәулік бойы жұмыс істейтін екі мобильді бригада бар. Негізгі міндеті – жануарларға төтенше жағдайда алғашқы көмек көрсету және құтыруға қарсы қайта екпе егу.

Жоба басталғаннан бері 223 жануарға көмек көрсетілді. Оның ішінде: 154 ит, 64 мысық, бір есек, бір жылқы, екі елік және бір үкі бар. Бұған қоса 1259 итке қайта екпе егілді. Бүгінде 158 жануар сауығып, табиғи мекеніне жіберілді, ал екі елік Алматы зообағына тапсырылды.

Қызмет мамандарының айтуынша, жануарлардың жағдайын тұрақты бақылау оларды қорғауды күшейтіп, аурулардың таралу қаупін азайтады.