Әлем чемпионаты: Ұлттық құрама Өзбекстаннан айласын асыра ала ма?

Англияның Ливерпуль қаласында ересектер арасында бокстан әлем чемпионаты басталуға таяу. Бұл бәсеке тек алтын медаль үшін тартыс қана емес, сонымен бірге алдағы Лос-Анджелес Олимпиадасына дайындықтың басты кезеңі ретінде бағаланып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ұлттық құрама: жүйелі дайындық пен үлкен үміт
Әлем чемпионатының алдында Қазақстан құрамасы жақсы дайындық кезеңінен өтті. Елдегі қорытынды екі жиын Алматы облысындағы Жанашар ауылында ұйымдастырылып, команда біріншілікке дайындығын пысықтады. Бас жаттықтырушы Қайрат Сәтжанов бастаған мамандар дайындық жоспарын құрды, сол бойынша жүйелі жұмыс жасалды. Соңғы бір жылда негізгі жарыстардың барлығында құрама жақсы нәтиже көрсетті, — деді Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысы Мерей Ақшалов.
Оның айтуынша, соңғы бір жылда негізгі жарыстардың барлығында құрама жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Нақты бір салмақ дәрежесін не спортшыларды бөліп-жармай, 20 боксшымыздың да (10 ер, 10 әйел) жүлдеге әлеуеті жетеді.
Өзбекстан басты бәсекелес пе?
Бұл додаға 60 ел қатысады. Оның ішінде соңғы жылдары біріншіліктерден тыс қалып жүрген АҚШ, Британия, Бразилия, Ирландия сияқты командалар да бар. Қазір әлемдік аренада Өзбекстан құрамасы көш бастап, боксшылары жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Қазақстан ұлттық құрамасының негізгі бәсекелесі де Өзбекстан болып тұр. Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысы Мерей Ақшаловтан көрші елдің әлеуетін сұрадық.
Біз нақты бір елге емес, әр жекпе-жектегі қарсылас маңызды деп дайындаламыз. Боксшылар да әр кездесуге үлкен жауапкершілікпен шығу керек. Сондықтан, басқа мемлекет командасын саралап, бағалаудан аулақпыз. Біз тек өз дайындығымызға жауап бере аламыз, — деді Мерей Ақшалов.
Спорт журналисі Аслан Қаженовтің айтуынша, қазіргі таңда ең мықты үш құраманың қатарында Қазақстан, Өзбекстан және Куба тұр.
Соңғы әлем чемпионатында біз 4 алтын жеңіп алған едік. Ерлер арасындағы дода Ташкентте, ал әйелдер арасындағысы Сербияда өткен болатын. Бұл жетістікті қайталау шыны керек оңай емес, бірақ үміт бар. Өзімнің басты фавориттерім ерлер арасында Махмұд Сабырхан, Төрехан Сабырхан, Сабыржан Аққалықов пен Бекзат Нұрдәулетовтен алтын күтемін. Дайындығын, әлеуетін ескеріп, шама-шарқын байқап осындай болжам жасадым. Ал қыздар арасында Назым Қызайбай, Алуа Балқыбекова, Карина Ибрагимова және Наталия Богданованың алтынға мүмкіндіктері бар. Әрине енді жарыс, ринг көрсетеді, — деді ол.
Әлем чемпионаты бокс жанкүйерлері үшін өте тартысты өтпек. Қарсыластардың деңгейін, дайындық барысын саралай отырып, алдағы сынның күрделі болары анық.
Өзбекстан құрамасы жабық режимде дайындалып, соңғы жарыстарға қатыспады. Бұл олардың күшін сақтап, арнайы тактика әзірлегенін көрсетеді. Әр елдің өз әдістемесі, өз бағдарламасы бар. Кімнің дайындығы тиімді екенін Ливерпульде көреміз. Қазірдің өзінде Қазақстан мен Өзбекстан құрамалары үлкен бәсекелес ретінде жиі аталып жүр. Бірақ тек олар ғана емес, Еуропаның, Латын Америкасының, Азияның басқа да елдерін назардан тыс қалдыруға болмайды. Әлем чемпионы болуды әр спортшы қалайды. Сондықтан бұл чемпионат жанкүйерлер үшін қызықты болады, — деді Аслан Қаженов.
Айта кетейік, 4–14 қыркүйек аралығында Ливерпуль қаласында World Boxing ұйымының тарихтағы алғашқы әлем чемпионаты өтеді. Бұл дүбірлі додаға әлемнің түкпір-түкпірінен 1000-нан астам спортшы қатысады.
4–10 қыркүйек – алдын ала жекпе-жектер, күн сайынғы сессиялар Астана уақытымен 15:00 және 22:00-де басталады.
Ал 12–13 қыркүйек жартылай финалдар өтсе, 14 қыркүйек финалдық бәсекелер, онда жаңа әлем чемпиондары анықталады.