Жолдауда “жасанды интеллект” сөзі неше рет айтылды?

0

 Президент Жолдауында «жасанды интеллект» деген сөз тіркесі қанша рет айтылды? Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектке ерекше мән беріп, бұл тіркесті 32 рет атады. Тіпті құжаттың атауы да символикалық мәнге ие: «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу», деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекет басшысының басты ұсынысы – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру. Оны Премьер-Министрдің орынбасары дәрежесіндегі маман басқарады.

Жаңа технологиялық қалыптың ажырамас бөлігіне айналу үшін бүкіл мемлекеттік басқару жүйесін қайта құрып, оның азаматтар мүддесіне сай болуын қамтамасыз ету, сондай-ақ ашықтығы мен тиімділігін еселеп арттыру керек, – деді Тоқаев.

Президент атап өткендей, жасанды интеллект барлық салаға енгізілуі тиіс – экономика мен логистикадан бастап білім беру мен геологияға дейін. Атап айтқанда:

  • 2026 жылдың ортасына дейін жасанды интеллект қолданылатын сертификатталған геология зертханасы ашылады;
  • қазан айының соңына дейін кедендік және логистикалық қызметтерге арналған Smart Cargo цифрлық жүйесі іске қосылады;
  • мектептерде жасанды интеллект негіздері оқытылады, мұғалімдер бұл технологияны меңгереді;

Qazaq Digital Mektebi атты шағын жинақты мектептің цифрлық моделі жасалады.

Бұдан бөлек, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі жанынан Регуляторлық интеллект орталығы құрылып, заңнамаларды қайта қарап, кодекстер мен заңдар арасындағы қайшылықтарды жояды.

Президенттің айтуынша, жасанды интеллект саласындағы құзыреттерді қалыптастыру «мектеп қабырғасынан» басталуы тиіс, ал цифрлық технологияларды пайдалану елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың құралы болады.

Еске салайық, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады.


ПІКІР ЖАЗУ