Қазақстанда қай қалаларда азық-түлік қымбат?

Қазақстанда әлеуметтік маңызды өнімдердің бағасы өсіп келеді. Бірақ әр өңірде баға әртүрлі. Соңғы бір жылда ел бойынша азық-түлік орташа есеппен 9,7%-ға қымбаттаған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, соңғы бір жылда азық-түлік орташа есеппен 9,7%-ға қымбаттаған. Ал кейбір қалаларда өсім екі есе жоғары болды. Кейбір қалалар бірнеше өнім бойынша бірден рекорд жаңартты.
Жезқазған – күнбағыс майы мен қырыққабат бағасы бойынша бірінші орында. Майдың литрі 928 теңге, бір жылда 41% қымбаттаған. Қырыққабат 234 теңге/кг, өсімі 34,5%. Елдегі орташа баға – 163 теңге.
Алматы – тұз бен нан бағасының ең жоғары өсімі бар қала. Тұздың килограммы 109 теңге (ел бойынша 84 теңге), бір жылда 36,3% қымбаттаған. Арнайы әлеуметтік нан Алматыда 56% қымбаттап, килограммы 273 теңге, яғни жарты нан шамамен 135 теңге.
Семей – пияз ең қымбат қала. Бір килограмм пияз 186 теңге, бір жылда 40,9% өскен (ел бойынша орташа баға 141 теңге).
Көкшетау – сиыр еті бағасы бойынша көшбасшы. Жауырын мен төс бөлігінің килограммы 3 469 теңге, ел бойынша орташа баға 3 176 теңге. Бір жылда 29,1% қымбаттаған.
Барлық өнімдер қымбаттаған жоқ, кейбір тауарлар арзандаған. Бірақ жалпы баға өсу тенденциясы сақталып отыр, әсіресе экономикалық белсенді қалаларда.