Алматыда республикалық эндокринология және қант диабеті орталығы ашылды

Алматыда ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ базасында Республикалық эндокринология және қант диабеті құзыреттілік орталығының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Іс-шараға Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов, Алматы қаласының ҚДБ басшысы Марат Пашимов және басқа да ресми тұлғалар қатысты.
Министрдің айтуынша, қант диабеті Қазақстанда негізгі медициналық-әлеуметтік мәселелердің бірі болып отыр. Қазір 544 мыңнан астам пациент тіркелген, олардың 95%-ы – 2 типті диабетпен ауырады.
Эндокринологиялық қызметті күшейту – денсаулық сақтаудың стратегиялық бағыты. Жаңа орталық заманауи диагностика мен емдеу әдістерін енгізіп, пациенттердің өмір сапасын жақсартуға және асқыну қаупін азайтуға мүмкіндік береді, – деді Ақмарал Әлназарова.
Жаңа орталық өңірлерге әдістемелік қолдау көрсетіп, пәнаралық тәсілді енгізуге және диабеттік табан кабинеттерін қоса алғанда, мамандандырылған кабинеттер желісін кеңейтуге ықпал етпек.
Орталық құрамында эндокринологтар, офтальмологтар, педиатр-хирургтар және басқа да мамандар бар. Мұнда заманауи мониторинг пен терапия құралдары енгізіліп, «Қант диабеті мектептері» жұмыс істейді.
Министрлік бұл тәжірибені өңірлерде де енгізуді жоспарлап отыр.