Алматыда қазаннан бастап электр энергиясы қымбаттауы мүмкін

0

 “Алатау Жарық Компаниясы” АҚ филиалы – “ЭнергоСбыт” Алматы тұрғындары үшін электр энергиясының бағасын көтеру туралы хабарлама жолдады, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Осыған байланысты Алматы қаласы бойынша табиғи монополияларды реттеу департаменті қоғамдық тыңдаулар өткізді.

“ЭнергоСбыт” қазіргі тариф қосымша шығындарды жабуға мүмкіндік бермейтінін атап өтті. Бұл шығындар 1 тамыздан бастап “Алатау Жарық Компаниясы” тарифінің 12,96 теңгеден 14,25 теңгеге дейін өсуімен, сондай-ақ 1 сәуірден бастап “ҚТЖ”-ның энергия жеткізу қызметтерінің құны 3,66 теңгеден 5,41 теңгеге дейін қымбаттауымен байланысты.

Біз 2025 жылдың 1 қазанынан бастап Алматыдағы тұтынушылар үшін электр энергиясының жаңа орташа тарифін 38,01 теңге көлемінде бекітуді сұраймыз, – деді “ЭнергоСбыттың”өкілі Диана Нұрбакова.

Әзірге “ЭнергоСбыттың” тарифті өзгерту жөніндегі өтініші толық қанағаттандырыла ма, белгісіз.

Қоғамдық тыңдаулар барысында тұтынушылар сұрақтар қойып, департамент пен “ЭнергоСбыт” өкілдері түсініктемелер берді. Қатысушылардың ұсыныстары мен ескертулері ескеріліп, департамент шешімі заңда белгіленген мерзімде қабылданады, – деді Алматы қаласы бойынша Табиғи монополияларды реттеу департаментінде.

Айта кетейік, Алматыдағы қазіргі орташа тариф 2025 жылғы 15 шілдеде 31,85 теңге (ҚҚС-сыз) немесе 35,67 теңге (ҚҚС-пен) деңгейінде бекітілген болатын. Жеке тұлғалар үшін төлем тұтынылған электр энергиясының көлеміне және электр плитасының болуына байланысты дифференциалды тариф бойынша есептеледі. Қазіргі таңда халық үшін ең төменгі тариф – 32,37 теңге (ҚҚС-пен), ең жоғарғысы – 53,49 теңге (ҚҚС-пен).

15 шілдеден бастап қолданыстағы тариф Алматы ТМРЕД шешіміне дейін күшінде болады.

Бұған дейін Атырау қаласында жарық бағасы тағы да өсетіні туралы жазған едік.


ПІКІР ЖАЗУ