«Реал» Алматыға қандай құраммен келеді?

Алматыда өтетін Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіндегі “Қайрат” – “Реал” матчы қарсаңында мадридтік клубтың қандай құраммен Қазақстанға келетіндігі жөнінде болжамдар айтылып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ресейлік футбол комментаторы Георгий Черданцев Sports24.kz-ке берген эксклюзивті сұхбатында “Реалдың” бас бапкері Хаби Алонсо ойыншылардың толық жұлдызды құрамын алып келмеуі ықтимал екенін атап өтті.
Менің ойымша, Алматыға “Реал” аралас құраммен келеді. Клуб кез келген жағдайда плей-оффқа шығуға қажетті ұпай жинайды. Сондықтан барлық жұлдыздарды алыс сапарға әкелуі екіталай. Дегенмен, бұл – екінші тур. Әдетте топ-клубтар алғашқы кезеңде ұпай қорын жинап алып, кейін ұлттық біріншіліктің қызған шағында негізгі ойыншыларды тынықтырып, резервті шығаруға мүмкіндік жасайды. Жаңа форматтағы Лига, әрине, “Қайрат” сияқты командаларға жол ашқанымен, жарыстың бәсекелестік деңгейі жағынан маған ұнамайды, – деді ол.
Черданцев мысал ретінде өткен маусымдағы жағдайды келтірді: “Интер” өз алаңында “Арсеналға” қарсы аралас құрам шығарды, себебі бірнеше күннен кейін “Наполимен” маңызды ойын күтіп тұрды. Бұрын мұндайды елестету мүмкін емес еді, бірақ жаңа формат клубтарды ротацияға мәжбүрлеп отыр. “Реал” да ойын кестесіне қарай шешім қабылдайды. Барлық жұлдыздардың келуі екіталай, дегенмен кейбір жетекші ойыншылар Алматыға ұшатыны анық, – деді комментатор.
Еске сала кетсек, Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіндегі жеребеде “Қайрат” “Реалмен” бірге “Арсенал”, “Интер”, “Брюгге”, “Олимпиакос”, “Спортинг”, “Копенгаген” және кипрлік “Пафоспен” бір топқа түсті.
Айта кетейік, “Қайраттың” қақпашысы Темірлан Анарбеков жақында төменгі жақ сүйегін сындырып, алдағы ойындарға қатыса алмайды.
“Қайрат” – “Реал Мадрид” кездесуі 30 қыркүйекте Алматыда өтеді. Бұған дейін 18-нен 19 қыркүйекке қараған түні алматылықтар сырт алаңда “Спортингке” қарсы ойнайды.
Еске салсақ, Чемпиондар лигасында «Қайрат» тарихи матчтарға 18 жастағы қақпашымен шығуы мүмкін екені туралы хабарлаған болатынбыз.