Депутат мұғалімдердің жұмысын қалай жеңілдетуге болатынын айтты

Жасанды интеллектті білім беру жүйесіне енгізу – маңызды әрі күрделі үдеріс. Бұл технологияны мектептерге кезең-кезеңімен енгізу қажет және басты мақсат – оны мұғалімге көмекші құрал ретінде қолдану болуы керек. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова жасанды интеллектке арналған дөңгелек үстелде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың айтуынша, Оқу-ағарту министрлігі жасанды интеллектті білім саласына енгізу бойынша бірқатар жобалық құжаттар әзірлеген. Алайда олардың барлығы әлі бекітілмеген.
Бүгінгі таңда министрліктің бірнеше концептуалдық негіздеме мен әдістемелік жобалары бар. Бірақ бұл құжаттар әлі ресми түрде қабылданбаған. Біздің ойымызша, министрлікке осы жобаларды біріктіретін нақты бір стратегиялық құжат қажет. Бұл – жалпыұлттық бағдарлама болуы мүмкін немесе жасанды интеллектті енгізуге арналған нақты тұжырымдама болуы тиіс, – деді депутат.
Ол сондай-ақ стратегияда мынадай бағыттар нақты қамтылуы керектігін айтты: қаржыландыру мәселесі, білім беру бағдарламаларындағы ЖИ қолдану аясы, мұғалімдерді ЖИ-мен жұмыс істеуге даярлау жолдары.
“Жасанды интеллекттің қаупі мен салдарын зерттеу маңызды”
Сүлейменованың айтуынша, жасанды интеллектті білім саласына енгізбес бұрын, оның ықтимал қауіп-қатерлері, этикалық мәселелері және академиялық адалдыққа әсері жан-жақты зерттелуі тиіс.
Жасанды интеллекттің балалардың денсаулығына, мәдени және этикалық танымына, сондай-ақ академиялық адалдыққа қалай әсер ететініне байланысты қолданбалы ғылыми зерттеу қажет. Сол зерттеу негізінде нақты шешім қабылдануы керек, – деді ол.
Депутат «Жасанды интеллект негіздері» деген модульді информатика пәніне енгізу, сондай-ақ ЖИ-ге қатысты этикалық нормаларды цифрлық сауаттылық курстарына кіріктіру туралы ұсынысты қолдайды. Алайда бұл өзгерістер білім беру стандарттарына нақты енгізіліп, қоғамдастықпен (ата-аналар мен мұғалімдермен) ашық талқылануы керек екенін атап өтті.
Сондай-ақ педагогтарды ЖИ-ді дұрыс қолдануға үйрететін арнайы модульдерді педагогикалық ЖОО бағдарламаларына енгізу қажет екенін айтты.
Бәлкім, мұғалімдерге арналған цифрлық ассистенттерді де даярлау керек шығар. Бірақ ең бастысы – жасанды интеллект мұғалімге көмекші құрал болуы тиіс. Мұғалімнің өзі бұл технологияны білім беруде сапаны арттыру үшін қолдануы керек, – деді Сүлейменова.
Мұғалімдердің жүктемесін қалай азайтуға болады?
Жасанды интеллект олимпиадаларға дайындық, кәсіби бағдар беру, деңгейлік тапсырмалар ұсыну секілді бағыттарда мұғалімдердің жұмысын жеңілдетуге мүмкіндік береді. Бұл – Мемлекет басшысының мұғалімдердің артық жүктемесін азайту туралы тапсырмасымен де үндеседі.
Еуропа елдеріндегідей Қазақстанда да ЖИ саласындағы деректерді қорғауға бағытталған заңнамалық жұмыстар жүріп жатыр. Алайда мектептер мен колледждерде бұл тетіктер қалай жүзеге асатыны, қандай механизмдермен қамтамасыз етілетіні әзірге нақты көрсетілмеген.
Депутаттың айтуынша, жасанды интеллект мүмкіндіктерін ең алдымен дарынды балалар мен ерекше қажеттілігі бар оқушыларға білім беруде қолдану қажет. Бұл – технологияны кезең-кезеңмен енгізудің тиімді бастауы болуы мүмкін.
Жұлдыз Сүлейменова ЖИ қолдануға арналған кейбір оқу тапсырмаларының мазмұнына да сын айтты. Оның пікірінше, жасанды интеллект оқушының тек фактілік жауапты іздейтін құралы болмауы тиіс.
ЖИ тапсырмалары оқушылардың сыни тұрғыдан ойлау қабілетін дамытуға бағытталуы керек. Қате немесе қисынсыз тапсырмалар білім сапасына кері әсер етеді. Мұндай мысалдар халық арасында түсініспеушілік туындатады. Сондықтан барлық өзгеріс мұқият зерттеліп, жүйелі түрде енгізілуі тиіс, – деді ол.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, жасанды интеллект мектептерге еніп жатыр, бірақ оны қалай және не үшін қолдану керектігі туралы нақты бағдар жоқ. Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов ЖИ дос та, психолог та емес екенін атап өтіп, оны тек құрал ретінде қабылдау керек екенін айтты. Сондай-ақ, депутаттың сөзінше, жасанды интеллектіні қолдануға ұлттық деңгейде саясат қажет.