Қазақстан әлемдік IQ рейтингінде нешінші орында?

0

Қазақстан 2025 жылғы орташа IQ деңгейі бойынша әлемдік рейтингте 126 елдің ішінде 65-орынға тұрақтады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Energyprom-ға сілтеме жасап.

Зерттеу нәтижесінде қазақстандықтардың орташа интеллектуалдық коэффициенті 97,2-ні құрады. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен (97) сәл ғана жоғары болғанымен, әлемдік орташа деңгейден (100) төмен.

ТМД елдерінің ішінде Қазақстан тізімнің ортасында тұр: Ресейде (103,2), Арменияда (102,6), Беларусьте және Әзербайжанда (98,7), сондай-ақ Молдовада (97,3) көрсеткіштер жоғары.

Ал Қазақстаннан төмен нәтиже Өзбекстанда (96,8), Украинада (95,4), Қырғызстанда (94,9) және Тәжікстанда (93,6) тіркелді.

Әлемдік рейтингтің көшбасында Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония, Иран және Сингапур тұр. Ал ең төменгі көрсеткіштер Африка елдерінде – Габон, Ангола және Бенинде байқалды.

Қазақстандағы салыстырмалы түрде төмен IQ деңгейіне қарамастан, білімге деген қызығушылықтың артып келе жатқаны байқалады. Мұны азаматтардың білім беру қызметтеріне жұмсайтын шығындарының көбеюінен көруге болады.

Айта кетейік, қазақстандықтардың білімге жұмсайтын шығындары айтарлықтай артқан.

Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында үй шаруашылықтарының білімге жұмсаған шығындары 16 мың теңгені құрап, 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,2%-ға өсті.

Өңірлік бөліністе ең көп қаржыны астаналықтар жұмсаған. Яғни, ол 28,9 мың теңгені құрады. Дегенмен бұл көрсеткіш өткен жылғы 31,1 мың теңгемен салыстырғанда 6,9%-ға азайды. Екінші және үшінші орындарда Түркістан облысы (22,1 мың теңге, былтыр — 9,1 мың теңге, өсім — 2,4 есе) мен Алматы (21,3 мың теңге, +4,9%) тұр. Ең аз қаржы Солтүстік Қазақстан мен Шығыс Қазақстан облыстарының және Шымкент тұрғындары тарапынан жұмсалды.

Анықтама үшін: 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қазақстандағы білім беру қызметтерінің жиынтық көлемі 2 трлн теңгеге жетті. Оның ішінде 1,7 трлн теңге бюджет есебінен, 208,5 млрд теңге халық есебінен, 37,6 млрд теңге кәсіпорындар есебінен қаржыландырылды.

Сектордағы ең ірі үлес негізгі және жалпы орта білімге тиесілі болды. Ол — 934,4 млрд теңге. Одан кейінгі орындарда мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту (298,4 млрд теңге), сондай-ақ бастауыш білім (210 млрд теңге) тұр.

Осы уақытта биылғы қаңтар–тамыз айларында білім беру саласындағы негізгі капиталға салынған инвестициялар 837,2 млрд теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есе көп.

Инвестицияның негізгі бөлігі жалпы орта білімге бағытталды — 744,2 млрд теңге. Қалған қаражат мынадай бағыттар бойынша бөлінді:

  • мектепке дейінгі білімге — 28 млрд теңге,
  • жоғары білімге — 25,7 млрд теңге,
  • техникалық және кәсіби орта білімге — 12,9 млрд теңге,
  • бастауыш білімге — 4 млрд теңге,
  • білім саласындағы қосалқы қызметтерге — 31,7 млн теңге,
  • өзге білім беру түрлеріне — 22,4 млрд теңге.

Өңірлік бөліністе ең көп инвестициялар Алматыға (141,2 млрд теңге), Астанаға (117,8 млрд теңге) және Түркістан облысына (102,9 млрд теңге) тиесілі болды.

Ал ең төменгі көрсеткіш Ұлытау облысында (2,7 млрд теңге), Солтүстік Қазақстанда (8,1 млрд теңге) және Абай облысында (9,4 млрд теңге) тіркелді.


ПІКІР ЖАЗУ