ЖИ қандай мамандықтарды жою мүмкін: Бірнеше мамандық аталды

0

Бүгін Мәжілісте өткен «Қазақстанда жасанды интеллектіні дамыту» тақырыбындағы парламенттік тыңдауда депутат Дүйсенбай Тұрғанов еңбек нарығына төнетін қауіптер мен оларды болжау тетіктері туралы сұрақ көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ол Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өкілінен жасанды интеллект пен цифрландырудың салдарынан жоғалуы мүмкін мамандықтар, қайта даярлау жүйесі және нақты қазақстандық іс-қимыл жоспары туралы нақты жауап сұрады.

Жасанды интеллекттің дамуы сөзсіз еңбек нарығына әсер етеді. Кәсіптердің бір бөлігі жойылып, жаңа құзыреттер пайда болады. Цифрлық дағдыларға қойылатын талап артып отыр. Сіздер жақында 2 миллионға жуық маманға қауіп төніп тұрғанын айттыңыздар. Осыған байланысты министрлік еңбек нарығын болжау үшін қандай модельдер мен құралдарды пайдаланып отыр? Алдағы 5-10 жылда қандай мамандықтар жойылып, қандай жаңалары пайда болады? Жаппай жұмыссыздық пен әлеуметтік шиеленіске жол бермеу үшін азаматтарды қайта даярлау тетіктері қалай әзірленіп жатыр? – деді депутат.

Вице-министр Олжас Анафин жасанды интеллекттің шын мәнінде бірқатар салаларға әсер етіп жатқанын растады.

Иә, расымен де, жасанды интеллекттің дамуы еңбек нарығына елеулі әсер етіп жатыр. Ақпаратты өңдеу, құжат айналымы, базалық операциялық міндеттер секілді рутиналық жұмыспен айналысатын мамандықтар біртіндеп автоматтандырылуы мүмкін. Бұл, мысалы, офис қызметкерлері, хатшылар, call-орталық операторлары, аудармашылар мен іс жүргізушілер сияқты мамандықтарға қатысты, – деді министрлік өкілі.

Алайда ол бұл мамандықтар толығымен жойылады деген пікірге келіспейтінін айтты.

Жасанды интеллект бұл қызметтерді толық алмастырмайды, керісінше еңбек өнімділігін арттыру құралына айналады, – деді ол.

Министрлік қазіргі таңда жұмысшыларды қайта даярлау мен қайта оқыту үшін бірнеше құралды қолданып отырғанын атап өтті.

Бізде белсенді жұмыспен қамту шаралары аясында қысқа мерзімді курстар, сондай-ақ Enbek Skills онлайн платформасы арқылы оқыту бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар, біз жыл сайын қысқа және орта мерзімді еңбек нарығының болжамдарын жасап, оларды Ғылым және жоғары білім министрлігіне ұсынамыз, – деді ведомство өкілі.

Белгілі болғандай, енді студенттер дипломдық жұмысын ЖИ-мен жаза алмайды.

Бүгін Мәжілісте өткен “Қазақстанда жасанды интеллектіні дамыту” тақырыбындағы парламенттік тыңдау кезінде Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек отандық білім беру жүйесіне қатысты жағымды жаңалықпен бөлісті.

Ал Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов ЖИ еңбек нарығына қалай әсер ететінін, сондай-ақ Қазақстан жасанды интеллект саласында әлемдік трендтен қалыс қалмауы тиіс екенін айтты.


ПІКІР ЖАЗУ