Елдегі теміржол инфрақұрылымының тозуы. Жаңа вагондар мәселені шеше ме?

Қазақстан теміржол саласы қазір аса маңызды кезеңді бастан өткеріп отыр. Ел ішінде теміржол инфрақұрылымының тозуы 57%-ға жеткен. Бұл жүк пен жолаушылар тасымалының қауіпсіздігіне, жылдамдығына және транзиттік әлеуетіне тікелей әсер етеді. Үкімет, ұлттық оператор және салалық министрліктер ауқымды жобаларды қолға алғанымен, сарапшылардың пікірінше, жаңа вагондар сатып алу мәселені түбегейлі шешпейді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Тозу көрсеткіші 57%-дан 45%-ға дейін төмендейді
“Қазақстан темір жолы” ҰК” АҚ “Интеграцияланған жоспарлау дирекциясы” филиалының директоры Вадим Копыловтың айтуынша, бүгінгі таңда инфрақұрылымның тозу деңгейі 57%-ды құрайды. Бірақ іске асырылып жатқан жобалардың арқасында бұл көрсеткіш алдағы жылдары 45%-ға дейін төмендейді деп күтіліп отыр.
Жыл сайын шамамен 1100 шақырым теміржол жөнделеді. Бұл – инфрақұрылымды сауықтыруға, жылдамдықты, қауіпсіздікті және өткізу қуатын арттыруға бағытталған жұмыс. Рельс-шпал торлары мен шпалдар ауыстырылып жатыр. Сонымен бірге “Достық – Мойынты”, Қызылжар және Жезқазған бағыттарында жаңа жобалар қолға алынды, – деді Копылов.
Ол 2027 жылдың соңына қарай үшінші шекаралық өткел – “Бақты-Аягөз” іске қосылатынын атап өтті. Бұл қадам қазірдің өзінде өткізу мүмкіндігін 70–75%-ға жеткен Достық пен Алтынкөл бағыттарына түсетін жүктемені жеңілдетпек.
Тоқаев: “Қазақстан Еуразиядағы көлік хабы болуы тиіс”
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында теміржол саласын жаңғырту елдің стратегиялық дамуындағы басты міндеттердің бірі екенін атап өтті.
Жұрттың вагондардың жай-күйіне көңілі толмайды. Жолаушылар вагонын құрастыратын зауыт іске қосылды. Бұл – халықаралық стандарттарға сай жабдықталған және шетел инвесторының қатысуымен жүзеге асқан маңызды қадам, – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан Еуропа мен Азияны жалғайтын маңызды көпір болғандықтан, транзиттік тасымалда бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Былтыр еліміз арқылы тасымалданған жүк көлемі 1 млрд тоннадан асты.
Сонымен қатар Президент Транскаспий бағытын, “Солтүстік – Оңтүстік” дәлізін, “Шығыс – Батыс” дәлізін дамыту, цифрландыру мен жасанды интеллектіні кеңінен қолдану қажеттігін айтты.
Инфрақұрылымды жаңғыртуды жалғастырып, жаңа көлік дәліздерін уақытылы іске асыруымыз керек. Бұл жобалар еліміздің теміржол жүйесінің толық қаңқасын қалыптастырады, – деп тапсырды Тоқаев.
Өнеркәсіп министрлігінің ұстанымы: өндірісті дамыту қажет
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев теміржол өнімдері машина жасау саласының маңызды бағыты екенін айтты. Қазір салада 60-тан астам кәсіпорын жұмыс істейді, 8 мыңға жуық адам еңбек етеді.
Былтыр өндіріс көлемі 25%-ға өсіп, 600 млрд теңгеге жеткен. Биылғы жеті айда жүк вагондарының өндірісі бес есеге, платформалар екі есеге артқан. Соңғы бес жылда ұлттық оператордың вагон паркін жаңарту саланың инвестициялық тартымдылығын күшейтіп, Wabtec, Alstom, Stadler сынды әлемдік брендтерді елге тартты.
Астанада жылына 100-ге дейін жолаушылар вагонын шығаратын Stadler Қазақстан зауыты іске қосылды. Ал Атырау облысында жылына 6 мың жүк вагоны мен цистерна шығаратын зауыт құрылды. Семейде де жылына 600 жүк вагонын жасайтын өндіріс іске қосылған.
Алайда, министрдің айтуынша, қазіргі таңда жүк вагондары паркінің тозуы – 54%, локомотивтер – 52%, жолаушылар вагондары – 42%.
Осыны ескеріп, Нағаспаев үш шешім ұсынды:
- Қызмет ету мерзімі ұзартылған вагондарды пайдалануға шектеу енгізу.
- ҚТЖ үшін жүк вагондарын сатып алуға бөлінетін субсидия көлемін ұлғайту (қажеттілік – 109,9 млрд теңге, нақты бөлінгені – 20 млрд теңге).
- Отандық өндірушілерге тұрақты тапсырыс беру үшін оффтейк-келісімшарттар жасау.
Көлік министрлігі: теміржол желісінің жалпы ұзындығы – 16 мың км
Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев теміржол желісінің ұзындығы 16 мың шақырым екенін, оның тозу деңгейі 57% екенін мәлімдеді.
Бұл пойыздардың қозғалыс жылдамдығы мен қауіпсіздігіне кері әсер етеді. 2029 жылға дейін 5 мың км жаңа жол салынып, 11 мың км жол жөнделеді.
Қазір 5 жоба бойынша жаңа құрылыс жүріп жатыр:
- “Достық – Мойынты”
- “Алматы айналма теміржолы”
- “Дарбаза – Мақтаарал”
- “Мойынты – Қызылжар”
- “Бақты – Аягөз”
Биылдың өзінде “Достық – Мойынты” және Алматы айналма теміржолы мерзімінен бұрын іске қосылады. Келесі жылы тағы екі жаңа бағыт – “Мойынты – Қызылжар” және “Дарбаза – Мақтаарал” пайдалануға беріледі.
Теміржол инфрақұрылымының тозуы – ел экономикасы үшін үлкен сын-тегеурін. Жаңа вагондар мен зауыттар іске қосылып жатқанымен, негізгі мәселе – жолдардың жағдайы. Вадим Копылов атап өткендей, жыл сайынғы 1100 шақырымдық жөндеу және жаңа жобалар тозу деңгейін төмендетуге бағытталған. Ал Президент пен министрлердің айтуынша, Қазақстан транзиттік дәліздердегі бәсекелестікте ұтылмас үшін алдын ала әрекет етіп, инфрақұрылымды кешенді түрде жаңғыртуы тиіс.