Алматыда 2026 жылы бірқатар базар жабылуы мүмкін

0

Алматыда 2026 жылдан бастап талапқа сай келмейтін базарлар жабылуы мүмкін. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитеті төрағасының орынбасары Ернұр Жаутикбаев айтты, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Базарларды жаңғырту жұмыстарының аяқталу мерзімі үш рет шегерілді, 2018, 2021 және 2023 жылдары. Кейін депутаттардың бастамасымен заңнамалық түрде түпкілікті мерзім – 2026 жылдың 1 қаңтарына белгіленді. Бұл мерзім енді ұзартылмайды, – деді Ернұр Жәутікбаев.

Оның айтуынша, соңғы төрт жылда республика бойынша 156 базар жаңғыртудан өткен. Ал талаптарға сай келмейтін сауда орындарының иелеріне 2026 жылдан бастап әкімшілік жауапкершілік қарастырылады.

Егер сәйкессіздіктер анықталса, материалдар сотқа жолданып, базарлардың жұмысы уақытша тоқтатылуы немесе мүлде жабылуы мүмкін, – деді спикер.

Сауда министрі Арман Шаққалиев елде базарларды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқанын еске салды.

Бұл сауда орындарында бейберекетсіздіктің болмауы үшін, олардың көлеңкелі экономиканың және көлеңкелі элементтердің шоғырлану орнына айналмауы үшін жасалып отыр, – деді министр.

Айта кетейік, бұған дейін 2025 жылы Алматыда жұмыс істеп тұрған 38 базардың 10-ы жаңғыртудан өтетіні хабарланған еді. Жұмыстарды осы жылдың желтоқсанына дейін аяқтау жоспарланған. Солардың қатарында: “Арлан”, “Батыр”, “Тұлпар”, “Арыстан”, “Жібек Жолы”, “Азия”, “Тау Самалы”, “Береке”, “Сауда Кент” және “Сарыарқа” базарлары бар.

Бұған дейін Алматыда атақты «Байсат» базары сатылымға шығарылған еді.


ПІКІР ЖАЗУ