Ұстаз: Технократ ұрпақты қалыптастыруымыз қажет

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұстаздар күні қарсаңында білім беру саласына қосқан өлшеусіз еңбегі үшін бір топ ұстазды мемлекеттік наградамен марапаттады. Солардың бірі – Тараз қаласындағы Дарынды балаларға арналған мамандандырылған дарынды балалар лицей-интернатының математика пәнінің мұғалімі Мұхтар Талқанбаев, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Білім саласында 25 жылдан астам еңбек өтілі бар ұлағатты ұстаз Президенттің қолынан марапат алған соң өз әсерімен бөлісті.
Шәкірт тәрбиелеп, білім саласында еңбек етіп келе жатқаныма 25 жылдан асыпты. Әрине, Президенттің қолынан мемлекеттік марапат алғанда ерекше әсер, тебіреніс болды. Марапат кезінде рұқсат сұрап, өзімнің жүрекжарды лебізімді де айттым. Білім беру саласына қосқан елеулі үлесі және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін бір топ әріптесім марапатқа лайық деп танылды. Ұстаздық жолда еңбегіміздің еленгені қуантады, — деп ағынан жарылды Мұхтар Дәулетұлы.
Сонымен қатар ұстаз ұрпақ тәрбиелеудегі өз ұстанымын да алға тартты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарынан білім саласы тыс қалған емес. Жолдауда да, басқа іс-шараларда да әрдайым қолдап отырады. Мұғалімдердің еңбегін елеп, Ұстаздар күні мерекесі қарсаңында бірнеше мұғалімді мемлекеттік наградамен марапаттады. Президент айтқандай, біз технократ ұрпақты қалыптастыруымыз қажет. Осы жолда барлық мұғалім жас ұрпаққа ғылыми ойлау мен логикалық пайымды үйретіп, болашаққа берік негіз салуға бар күш-жігерін салу керек. Жолдауда да ғылымды және жасанды интеллекті дамыту жөнінде айтқан Президенттің сөздерін мұқият тыңдадық. Барлық ұстаздар қауымы оны жақсы қабылдады, — деді Мұхтар Талқанбаев.
Айтуынша, білім әлеміне жасанды интеллектіні енгізу процесіне де атсалысуда.
Жасанды интеллекті оқу процесіне енгізуді үйреніп жатырмыз. Барлық ұстаз біліктілігін шыңдау үстінде. Ол – мұғалімнің еңбегінің тиімділігін арттыратыны сөзсіз. Бұл бағытта да мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып, қолдау көрсетіліп жатыр. Барлығымыз бірлесіп мемлекетті қолдап, мұғалімдер үйретіп, ата-ана тәрбиелеп, ал балалар ынтамен оқитын болса, онда озық ойлы ұлтқа айналатынымыз сөзсіз, — деді ұстаз.