KEW–2025: Энергетикадағы жаңа сын-тегеуріндер мен Қазақстанның жаһандық рөлі

Астанада өткен Kazakhstan Energy Week – 2025 және XVI Еуразиялық Kazenergy форумы аяқталды. Форумның екінші күнінде жаңа энергетикалық тәртіп, климаттық өзгерістер, мұнай-газ саласындағы келешек пен адами капиталдың рөлі, энергетика саласындағы халықаралық ынтымақтастық, жасыл экономикаға көшу, газ нарығының болашағы, кадрлық саясат пен ірі мұнай-газ жобалары талқыланды. Негізгі панельдік сессиялардың не туралы болғанын BAQ.KZ тілшісі материалынан оқи аласыз.
Жаңа энергетикалық тәртіп: орта державалардың рөлі
Басты пленарлық отырыста әлемдік энергетикалық жүйенің трансформациясында орта державалардың маңызы талқыланды. Қазақстанның табиғи ресурстарын тиімді пайдалана отырып, жаңа технологияларды енгізуі елдің жаһандық энергетикадағы орнын күшейтетіні аталды.
Қазақстанның болашағы технологиялық өрлеумен байланысты. Бұл бағытта біз нақты нәтижелерге қол жеткізіп отырмыз. Полипропилен және полиэтилен зауыттары елімізді өңірдегі ірі полимер өндірушіге айналдырады, — деді Премьер-министр Олжас Бектенов.
Сонымен қатар, Үкімет басшысы цифрландыру мен жасанды интеллекттің мұнай-газ саласын дамытудағы рөлін атап өтіп, жаңа министрліктің құрылуы инновацияларды жылдам енгізуге жол ашатынын жеткізді.
Климаттың өзгеруі және орнықты энергетика
Жоғары деңгейлі сессияға ШЫҰ және Араб мемлекеттері лигасы өкілдері қатысты. Бұл жиын климаттық өзгерістерге бейімделу, жаңартылатын энергияны дамыту және трансшекаралық ынтымақтастықты күшейтуге арналды.
Климаттық өзгерістерге бейімделу – біздің негізгі міндетіміз. Ол үшін инфрақұрылымды қайта қарап, смарт-технологияларды енгізу қажет, — деді Араб мемлекеттері лигасының өкілі Махмуд Фатхаллах.
Сессия аясында ШЫҰ мен Араб лигасы бірлескен мәлімдеме қабылдады. Бұл құжат өңірлік ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтермек.
Ғаламдық энергия алмасуы және көмірсутектер: тепе-теңдік іздеу
Бұл талқылауда энергетикалық қауіпсіздік пен көмірсутектердің болашағы қаралды. Сарапшылар көмірсутектердің әлі де экономиканың стратегиялық тірегі болып қала беретінін атады.
Қазіргі геосаяси оқиғалар әлемдік энергетикаға тікелей әсер етіп жатыр. Келесі жылдары да белгісіздік сақталады. Қазақстанның ерекше орны – бізде үлкен қорлар бар әрі Париж келісіміне алғашқылардың бірі болып қосылдық, — деді Kazenergy қауымдастығының төрағасы Болат Ақшолақов.
Ол сондай-ақ Қазақстан жасыл энергетика үлесін арттырып, газдандыру және энергия сақтау жобаларын жүзеге асырып жатқанын айтты.
Жұмысшы мамандықтар жылы: адамдар энергиясы
Бұл отырыста адами капиталды дамыту, жаңа буын мамандарын даярлау және халықаралық білім беру ынтымақтастығы сөз болды.
Адамдарға салынған инвестиция – ең сенімді қаржы. Білікті кадрлар энергетиканың тұрақтылығын қамтамасыз етеді, — деп атады Энергетика министрлігі аппаратының басшысы Жанар Жарылғасова.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек білікті кадрлар даярлау үшін министрлік тарапынан барлық жағдайлар жасалып жатқанын атады.
Біз кәсіби дағдылармен қатар soft skills дамуына да басымдық береміз. Қазақстанда үздік халықаралық кампустар ашылып, жаңа зертханалар құрылып жатыр, — деді министр.
Қазақстан мұнайы: перспективалар және жаңа ресурстар
Бұл сессияда мұнай-газ саласының стратегиялық келешегі, геологиялық барлау және өңдеу мәселелері талқыланды.
Қазақстан жылына 100 млн тонна мұнай өндіруге міндеттелгенімен, нақты механизмдер әлі толық қалыптаспаған. Ішкі нарықты мұнаймен қамту – ең өзекті мәселе, — деді Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин.
Ол саладағы заңнамалық өзгерістердің, импортты алмастырудың және жаңа тәсілдердің қажеттігін айтты.
Қорытынды
Kazakhstan Energy Week – 2025 аясындағы пікірталастар энергетикалық саясаттың жаһандық трендтері мен Қазақстанның стратегиялық қадамдарын айқындады. Орта державалардың рөлі, климаттық тәуекелдер, көмірсутектердің болашағы мен адами капиталдың маңызы форумның басты тақырыптарына айналды.