Қазақстанда қанша мұнай мен газ бар? – Сарапшы жауап берді

Kazakhstan Energy Week – 2025 және XVI Еуразиялық KAZENERGY форумы аясында өткен “Қазақстан мұнайы: перспективалар және жаңа ресурстар” атты сессияда «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ басқарма төрағасы Ерлан Ғалиев еліміздің геологиялық барлау әлеуеті мен мұнай қорының нақты жағдайы жөнінде маңызды деректерді бөлісті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ресми мәлімет: Қазақстанда қанша мұнай мен газ бар?
2025 жылғы соңғы есепке сәйкес:
- Жалпы дәлелденген мұнай қоры – 4,3 млрд тонна
- Газ – 1,7 триллион текше метр
Қорлардың басым бөлігі (73-74%) Атырау облысында шоғырланған және Батыс Қазақстан мен Маңғыстау облыстарының үлесі де жоғары. Ал Шығыс Қазақстанның мұнайдың үлесі – 0,5%.
Дәл осы төмен үлесі бар өңірлерде – болашақ бар. Шығыс Қазақстан әлі толық зерттелмеген, сондықтан бұл аймақ әлеуетті болып отыр, – деді Ғалиев.
Галиев атап өткендей, Қазақстанның барлық қорларының 86 пайызы Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орындарында шоғырланған. Бұл – елдің мұнай саласы осы үш ірі жобадан қатты тәуелді екенін көрсетеді.
Бұл кен орындарындағы қабаттар терең және бұрыннан зерттелген. Сондықтан жаңа серпілістер бұрынғыдан басқа деңгейде, басқа жерде болуы керек, – деді ол.
2021 жылдан бастап Қазақстанда геологиялық барлау жұмыстарының жаңа толқыны басталды. 2022 жылдан бастап ірі көлемдегі өңірлік зерттеулер қолға алынған.
Былтыр Арал бассейнінің шығыс және батыс бөліктерінде кешенді жұмыстар аяқталды, – деді Ғалиев.