Питер Фостер «Эйр Астанадан» кетеді: компанияның жаңа басшысы белгілі болды

0

Air Astana әуе компаниясының бас директоры Питер Фостер 20 жылдан кейін қызметінен кетеді. Оның орнына қаржы жөніндегі директор Ибрахим Жанлыел тағайындалады. Фостер директорлар кеңесіне аға кеңесші болып қалады. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ақпаратқа сәйкес, Питер Фостер 2026 жылдың наурыз айының соңында бас атқарушы директор қызметінен кетіп, сонымен қатар директорлар кеңесінің құрамынан шығады.

Алайда, Фостердің «Эйр Астана» тобымен ынтымақтастығы жалғасады. Ол енді директорлар кеңесінің аға кеңесшісі ретінде қызмет атқарады.

Белгілі болғандай, Питер Фостердің орнына қазіргі уақытта қаржы жөніндегі атқарушы директор қызметін атқарып жүрген Ибрахим Жанлыел тағайындалады.

Жанлыел 2003 жылдан бері «Эйр Астанада» еңбек етіп келеді. Компанияда мол тәжірибе жинақтаған ол жаңа лауазымға біртіндеп көшеді деп жоспарлануда.

Компанияның баспасөз қызметінің мәліметінше, 65 жастағы Питер Фостер – Ұлыбритания азаматы, Кембридж университетінің түлегі. Ол 2005 жылдан бастап «Эйр Астананы» басқарып, компанияның халықаралық беделін арттыруға елеулі үлес қосты.

2015 жылы Фостерге Британ империясы ордені (OBE) табысталған. Бұл марапат оған Қазақстандағы британ авиациясының дамуына қосқан еңбегі үшін берілді.

 


ПІКІР ЖАЗУ