Дәрігер жетіспейді: Қазақстанда 8 мың медицина маманының орны бос

Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға жолдаған депутаттық сауалында елдегі медицина кадрларының жетіспеушілігіне қатысты өзекті мәселелерді көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау жүйесіндегі негізгі мәселелердің бірі – медицина саласындағы кадрлардың жеткіліксіздігі. Бұл өз кезегінде, әсіресе ауылдық жерлер мен шалғай аймақтарда халыққа медициналық көмектің қолжетімділігіне, сапасына және уақытылы қызмет көрсетілуіне тікелей әсер етеді, – деді депутат.
Сауалда көрсетілген мәліметтерге сәйкес, 2024 жылдың қорытындысы бойынша елімізде дәрігерлер тапшылығы – 3 954 маманды, ал орта буын медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігі – 4 505 адамды құрап отыр. Сонымен бірге, денсаулық сақтау жүйесінде шамамен 275 мың медицина қызметкері жұмыс істейді, оның ішінде 83 мыңнан астамы дәрігерлер, ал 191 мыңы – орта медициналық қызметкерлер.
Осыған қарамастан, кадрлық дисбаланс сақталуда. Терапевттердің, жалпы практикалық дәрігерлердің, педиатрлардың, акушер-гинекологтардың, хирургтер мен анестезиолог-реаниматологтардың тапшылығы анағұрлым өткір сезіледі, – деді Тұрлыханов.
Мәжілісмен кейбір өңірлердегі нақты деректерді де келтірді.
Мәселен, Қостанай облысында 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында кадр тапшылығы 326 маманды құрады. Дәл осындай мәселелер Ақмола, Жамбыл, Түркістан облыстарында да бар. Көптеген ауылдық жерлерде дәрігерлермен қамтамасыз етілу штаттық деңгейдің 75%-ына әрең жетеді, – деп атап өтті депутат.
Сонымен қатар, Тұрлыханов денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаражаттың азайып кеткеніне де назар аударды.
2025 жылы денсаулық сақтау саласына 2 триллион теңге қарастырылған. Алайда бұл көрсеткіш 2024 жылғы 2,8 триллион теңгемен салыстырғанда едәуір төмен. Сақталып отырған кадр тапшылығы, дәрігерлік құрамның қартаюы және бастапқы буынға түсетін жүктеменің артуы денсаулық сақтау жүйесін дамыту жөніндегі ұлттық жобалар мен бағдарламаларды іске асыруды айтарлықтай баяулатуы мүмкін, – деді ол.
Депутат ұсыныстары:
1. Кадр тапшылығы ең жоғары өңірлерде жұмыс істейтін дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлеріне мемлекеттік қолдау шаралары қажет. Олар – әлеуметтік жеңілдіктер, қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету, көтерме төлемдер, мақсатты гранттар бөлу, тәлімгерлік пен қайта даярлау жүйесін дамыту.
2. Денсаулық сақтау саласын қаржыландыру көлемін кезең-кезеңімен арттыру керек. Әсіресе ауылдық жерлердегі мамандарға жалақыны көтеруге бағытталған қосымша ынталандыру жүйесі енгізіліп, салалық бюджеттің құрылымында кадрлық дамуға арналған шығын үлесі ұлғайтылуы тиіс.
3. 2030 жылға дейінгі саланы дамыту тұжырымдамасында кадрларды бөлудің орнықты тетігін жасап, халықты тұратын орнына қарамастан медициналық көмектің қолжетімділігімен қамтамасыз ету үшін мобильді медициналық бригадаларды дамыту қажет.