Өскемен қоқысқа көміліп жатыр: Халық қарызын төлемейді, зауыт өзін ақтамай тұр

Өскеменде тұрмыстық қалдықтарды басқару мәселесі әлі күнге дейін ең өткір коммуналдық проблемалардың бірі болып отыр. Қаланың қоқыс сұрыптайтын зауыты, фандоматтар мен экопункттер жұмыс істеп тұрғанымен, тұрмыстық қалдықтарды жинау және өңдеу жүйесі қаланың көлеміне төтеп бере алмай отыр. Ал тұрғындардың жартысы бұл жүйеден мүлде тыс қалған.
Baq.kz тілшісі қала тұрғындарының шағымдарын және әкімдіктің ресми жауабын қарап шығып, не себепті Өскемен өз қоқысына батып бара жатқанын анықтады.
Миллиондаған берешек
Қала ТКШ бөлімінің мәліметінше, 372 мың тұрғынның тек 212 мыңы (яғни, 57%) ғана қоқыс шығару қызметімен келісімшарт жасаған. Ал олардың 80%-ы ғана төлем жасайды. Яғни әр бесінші тұрғын — борышкер.
Тұрғындардың жалпы берешегі 230 миллион теңгеге жеткен. Негізгі қарыздар — көпқабатты үйлердің тұрғындары.
Қоқыс шығаратын ұйымдар түбіртектерді өздері жасап, халықтан тікелей ақша жинайды. Абоненттік бөлімнің бақылаушылары үйлерді аралап, түбіртек таратады, төлем қабылдайды. Ал халық үшін бірыңғай төлем жүйесі жоқ, – деп хабарлады әкімдік.
Яғни қалада әлі күнге дейін абоненттердің бірыңғай базасы жоқ. Әр компания өз бетінше жұмыс істейді. Соның салдарынан он мыңдаған адам қоқысын тегін тастайды, ал шығынды операторлар өз есебінен өтейді.
Тариф шығынды жаппайды
Өскеменде тұрмыстық қалдықтарды шығару тарифі 2022 жылдан бері өзгермеген.
Қазір оның мөлшері:
- көпқабатты үйлерде – адам басына 431 теңге,
- жеке секторда – 409 теңге.
Қала әкімдігі қазіргі тарифтің қоқыс шығаратын ұйымдардың шығынын өтемейтінін мойындайды. Бұл тікелей қызмет сапасына әсер етеді.
Билік тарифті қайта қарау қажеттігін мойындағанымен, жаңа есептеулер әлі дайын емес.
Қоқыс сұрыптайтын зауыт өзін ақтамай отыр
2022 жылы ашылған қоқыс сұрыптау зауыты шығынға батты. Қазір нысан «Өскеменспецкоммунтранс» ЖШС-нің сенімгерлік басқаруында.
Зауыт директоры Еркін Байбуловтың айтуынша, кәсіпорын шамадан тыс жүктемемен жұмыс істеп жатыр, ал екінші реттік шикізат қоймасында 2 мың тоннадан астам қалдық жиналып қалған – себебі оны қабылдайтындар жоқ.
Әкімдік те мұны растады. Қалдықтарды өңдейтін кәсіпкерлерге берілетін мемлекеттік субсидиялар тоқтатылған соң, көп операторлар рентабельділіктің шегінде жұмыс істеп отыр.
Сұрыпталған қалдықтарды өткізу қиындық туғызуда, бұл кәсіпорындардың табыстылығына тікелей әсер етеді. Көптеген өңдеуші шикізатты арзан бағамен қабылдайды, ол экономикалық жағынан тиімсіз, – делінген ресми жауапта.
Бөлек жинау бар, бірақ жүйе тозған
Қалада қоқысты бөлек жинау жүйесі ресми түрде 2017 жылдан бері енгізілген.
Контейнер алаңдарында пластик, қағаз, шыны бөтелкелерге арналған бөлек жәшіктер қойылған.
Бірақ олардың көбі ескірген. Қызмет ету мерзімі – 5 жыл, ал көп бөлігі ауыстыруды қажет етеді. Соңғы рет 1000 жаңа контейнер 2025 жылы бюджет есебінен сатып алынған.
Экологиялық пункттердің де жартысы жабылып қалған. 6 пункттің тек үшеуі ғана жұмыс істеп тұр, қалғандары жұмысшы тапшылығы мен шығын көптігіне байланысты тоқтаған.
Қала бойынша орнатылған 15 фандомат (пластик пен бөтелке қабылдайтын автоматтар) да «Өскеменспецкоммунтранс» есебінен қойылған, бірақ олардың тиімділігі туралы дерек жоқ.
Құрылыс қалдықтары – жүйеден тыс
Құрылыс қалдықтарын өңдеу – бөлек проблема.
Бүгінгі таңда Өскемен қаласында құрылыс қалдықтарын қайта өңдейтін кәсіпорындар жоқ. Мұндай қалдықтар қазір кірпіш зауытының маңындағы өндірістік қалдықтар полигонына көміледі, – деді әкімдік.
Үлкен габаритті қоқыс (жиһаз, құрылыс қалдығы) тарифке кірмейді, сондықтан тұрғындар оны өздері шығару керек.
Әкімдік 2026 жылға дейін осындай қалдықтар үшін 20 пилоттық жинау алаңын орнатуды жоспарлап отыр, бірақ әзірге жоба ұсыныс деңгейінде ғана.
Рұқсатсыз қоқыс үйінділері
Өскеменнің айналасында заңсыз қоқыс үйінділері жыл сайын пайда болып жатыр.
Соңғы үш жылда 250-ден астам қоқыс орны жойылған. 2024 жылдың өзінде 110 заңсыз қоқыс үйіндісі, жалпы көлемі 14 мың текше метр қоқыс шығарылған.
2025 жылы бұл мақсатқа 50 млн теңге, ал контейнерлерді жаңартуға және алаңдарды жөндеуге тағы 80 млн теңге бөлінген.
Алайда жаңа үйінділер жыл сайын пайда болуда – жүйелі шешім жоқ.
Көршілес аймақтарда бар цифрлық мониторинг жүйесі Өскеменде әлі енгізілмеген.
Экологтар мен қоғам белсенділерінің пікірінше, Өскеменге тарифті ғана емес, қалдықтарды басқару жүйесін түбегейлі жаңарту қажет.
Біртұтас жүйенің болмауы заңсыз қоқыс үйінділерінің көбеюіне, экологиялық жағдайдың нашарлауына әкеліп отыр. Тұрмыстық қалдықтар бойынша мәселені екі бағытта шешу керек: инфрақұрылымды жаңарту және тұрғындардың бәрін төлем жүйесіне қосу. Ал құрылыс қалдықтары мүлде өңделмейді, сондықтан жыл сайын қаланың айналасында жаңа свалкалар пайда болады. Бұл бағытта белсенді жұмыс жоқ, – дейді қоғам белсендісі Роман Честных.
Әкімдік тарифті қайта есептеп жатқанда, ал қоқыс шығаратын компаниялар шығынмен жұмыс істеп жатқанда, қала тұрақсыз қоқыс экономикасы жағдайында өмір сүріп келеді.
Егер тұрғындар мен бизнес бұл жүйеге енбесе, Өскемен жақын арада таза болашақсыз қалуы мүмкін – сөздің тура мағынасында.
Бұған дейін экологиялық жүктемесі жоғары ірі өнеркәсіптік қала – Өскемендегі ауа сапасы туралы жазған болатынбыз.