Астанада сарапшылар халықаралық сенімді қалпына келтіру жолдарын талқылап жатыр

0

Астанада Astana Think Tank Forum 2025 өз жұмысын бастады. Биылғы форумның тақырыбы – «Поляризациядан серіктестікке: халықаралық жүйеге сенімді қалпына келтіру», деп хабарлайды BAQ.KZ.

Іс-шараны ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) ұйымдастырды. Форумға 20 елден келген 40-қа жуық шетелдік сарапшы, халықаралық ұйымдар мен академиялық орталықтардың өкілдері қатысып жатыр.

ҚР Президентінің кеңесшісі Мағзұм Мырзағалиев форумның басты мақсаты – жаһандық басқару жүйесін реформалау және сенім мен бейбітшілікті нығайту екенін айтты.

Қазақстан сенімді бейбітшіліктің іргетасы, ал диалог – белгісіздік арқылы өтетін ең сенімді жол, — деді ол.

Форумды ашқан ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов бұл алаңның мақсаты декларациялардан гөрі нақты шешімдерге басымдық беру екенін атап өтті.

Сараптама орталықтары – білім мен шешім қабылдау арасындағы көпір. Олар қоғамға болашақты түсінуге көмектеседі, — деді ол.

Бірінші сессия «Көпжақтылықтың жаңа бетбұрысы: бөлшектелген әлемдегі жаһандық басқаруды реформалау» тақырыбына арналды.
Талқылауда БҰҰ рөлі, орта державалардың маңызы және көпполярлы әлемге көшу үдерісі сөз болды.

Бүгінде тұрақты және әділ әлемдік тәртіпті сақтау жауапкершілігі орта державаларға да жүктеледі. Қазақстан дәл осындай елдердің бірі ретінде диалог алаңын ұсынуда, — деді ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев.

Сондай-ақ спикерлер қатарында Иран, Қытай, АҚШ және Еуропадан келген сарапшылар болды. Олар көпполярлы әлемдегі ынтымақтастықтың, БҰҰ қағидаттарына адалдықтың және орта державалардың белсенді ұстанымының маңыздылығын атап өтті.

Форум аясында жасанды интеллект, ядролық қарусыздану, климат және су ресурстары сияқты жаһандық тақырыптар талқыланады.


ПІКІР ЖАЗУ