Алматы мен Қаскелең арасындағы кептеліс қашан шешіледі?

Алматы мен Қаскелең арасындағы бірнеше шақырымдық кептелістер шешілуі үшін “Алматы – Бішкек” тасжолының бір бөлігі кеңейтілмек, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
“ҚазАвтоЖол” мәліметінше, күн сайын Алматыға 400 мыңға жуық көлік кіреді. Соның салдарынан қалаға кіреберіс жерлерде ұзын-сонар кептелістер пайда болады. Ең күрделі учаскелердің бірі – “Алматы – Бішкек” автожолы, әсіресе Қаскелең мен “Алтын Орда” ауданы арасы.
Қазіргі уақытта жол апаттарын азайту және кептелістерді төмендету мақсатында республикалық маңызы бар “Алматы — Бішкек” автожолының 19–27 шақырымдық бөлігіне (Қаскелең — Үлкен Алматы айналма жолы) күрделі жөндеу бойынша жобалық-іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Жоба аясында проездік бөлік 4 жолақтан 8 жолаққа дейін кеңейтіледі, “таға” типіндегі екі көлік айырымы және жаяу жүргіншілерге арналған үстінен өтетін көпір салу көзделген, – деді “ҚазАвтоЖол” өкілдері.
Жобалық-іздестіру жұмыстары 2025 жылдың желтоқсанында аяқталып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы 2026 жылдың ақпанында алынбақ.
Егер 2026 жылға қаржыландыру бөлінсе, құрылыс-монтаж жұмыстарына мердігер ұйымды анықтау үшін тендер жарияланады. Құрылыс кезінде қозғалыс толықтай жабылмайды, көліктердің жүруі кезекпен бір бағытта ұйымдастырылады, – дейді жауаптылар.
Сондай-ақ “ҚазАвтоЖол” өкілдері кептелістерді азайту және қозғалысты реттеу мақсатында жаңа бағдаршамдар орнату жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін астаналықтардың кептеліске қанша уақыт құртатынын жаздық.