Алматыда LRT жобасы қайта қолға алынды

0

Алматыда жеңіл рельсті көлік (LRT) желісінің бірінші кезеңі бойынша техникалық-экономикалық негіздеме (ТЭН) әзірлеу жалғасып жатыр, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Қалалық жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының мәліметінше, LRT-ның бірінші кезегі Алматы-2 теміржол вокзалынан басталып, Абылай хан даңғылы, Төле би көшесі, Момышұлы көшесі арқылы өтіп, Алатау ауданындағы Индустриялық аймақтың оңтүстік бөлігінде, Момышұлы көшесінің батысында орналасатын депоға дейін жалғасады.

Бірінші кезектің ұзындығы 18,3 шақырымды құрайды, ал жалпы желі ұзындығы 32,5 шақырым болмақ.

Жеңіл рельсті көліктің бірінші желісінің бірінші кезеңін салуға арналған техникалық-экономикалық негіздеме дайындалғаннан кейін ғана жобаның техникалық және қаржылық параметрлері, оның ішінде нақты құны, қаржыландыру көзі, іске асыру мерзімі, мемлекеттік қолдау шаралары мен инвестиция көлемі анықталады, – деп деді басқарма басшысының міндетін атқарушы Асан Бостанов.

LRT салу идеясы Алматыда 2018 жылдан бері талқыланып келеді. Алғашқы жоба 22,7 км қос жолда 37 станция салуды көздеген. Жоспар бойынша, қозғалыс интервалы – 4 минут, ал тәуліктік жолаушы ағыны 76-112 мың адам шамасында болуы тиіс еді. Орташа коммерциялық жылдамдық – 22 км/сағ, жобаны іске асыру мерзімі – 2019-2042 жылдар деп белгіленген.

Алайда құрылыс бірнеше рет кейінге шегерілді. 2020 жылы жобаны бастау жоспарланғанмен, қаржылық мәселелерге байланысты тоқтатылды. Сол кездегі ТЭН бойынша жоба құны 94,2 млрд теңге (ҚҚС-пен бірге) деп бағаланған.

2021 жылы сол кездегі қала әкімі Бақытжан Сағынтаев LRT құрылысына шамамен 1 млрд АҚШ доллары қажет болуы мүмкін екенін, ал қаржыландыру мәселесі талқылану үстінде екенін айтқан. Кейін қала әкімдігі жобаға потенциалды инвестор шыққанын хабарлады.

2022 жылы қала билігі Төле би көшесімен өтетін LRT желісінің бірінші желісін 2027 жылға дейін іске қосуды жоспарлағанын мәлімдеді.

2023 жылы жоба қайтадан күн тәртібіне шықты. Алматының Бас жоспарының әзірлеушісі, көлік жөніндегі сарапшы Роман Барабанов жаңа бас жоспар транзитке бағытталған даму (Transit-Oriented Development, ТОД) қағидатына негізделгенін айтты.

Оның пікірінше, бұл тұжырымдаманы сәтті жүзеге асыру үшін магистралды қоғамдық көлік дәліздерін – BRT, LRT, метро, сондай-ақ жаяу қолжетімділік радиусында арнайы жолақтарды құру қажет.

2023 жылдың желтоқсанында хабарланғандай, жаңа жеңіл рельсті трамвай жүйесінің алғашқы бөлігі 2027 жылға қарай пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Жобаға сәйкес, желі Момышұлы, Төле би және Райымбек даңғылдары арқылы өтіп, қаланың шығыс шетіне дейін созылады.

Соңғы мәліметтерге сәйкес, LRT желісінің депосы Алатау ауданындағы Индустриялық аймақта салынады. Болашақта бұл желі Алматы-2 теміржол вокзалын “Барлық” және “Шығыс” көлік тораптарымен байланыстыратын болады.