Алматы тұрғындары ақылы автотұрақтарды алып тастауды талап етуде

0

Алматылықтар тұрғын аудандардағы ақылы автотұрақтарды жоюды талап етіп, петиция жариялады. Қол жинау келесі жылдың 21 сәуіріне дейін жалғасады, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Ақылы автотұрақтардың енгізілуіне қарсы петиция epetition.kz сайтында жарияланған. Петицияда айтылғандай, қаладағы тұрғын аудандарда, әсіресе көпқабатты үйлер орналасқан көшелерде ақылы тұрақ белгілері мен тақтайшалары жаппай орнатылып жатыр.

Мұндай әрекеттер уәкілетті мемлекеттік органдар тарапынан заңсыз және Қазақстан Республикасының азаматтарының конституциялық құқықтарын бұзады деп санаймыз, себебі Алматы қаласындағы ескі тұрғын үйлер қазіргі халық тығыздығы мен автокөліктердің өсуі ескерілмей салынған болатын, – делінген құжатта.

Авторлар атап өткендей, жаңа тұрғын кешендерінің қарқынды салынуы қаланың коммуналдық және көлік инфрақұрылымына үлкен салмақ түсірді.

Электр, жылу, су, кәріз жүйелерінің және көлік желісінің шамадан тыс жүктелуі, сондай-ақ тегін немесе қолжетімді тұрақ аймақтарының болмауы тұрғындарға қосымша қиындықтар тудырып, өмір сапасын төмендетіп отыр, – деп жазылған петицияда.

Сонымен қатар бастамашылардың айтуынша, ақылы тұрақтарды енгізу туралы шешімдер қоғаммен кеңесусіз, яғни міндетті қоғамдық тыңдаулар өткізілместен қабылдануда, бұл Қазақстан заңнамасында бекітілген жариялылық пен азаматтардың жергілікті басқаруға қатысу қағидаттарына қайшы келеді.

Петиция авторларының талаптары:

• тұрғын аудандарда ақылы тұрақ жүйесін алып тастау;
• бұрын орнатылған ақылы тұрақ белгілері мен бағаналарын демонтаждау;
• қала инфрақұрылымы мен кеңістігін пайдалануға қатысты кез келген шешім міндетті қоғамдық тыңдаулармен және тұрғындардың қатысуымен қабылдануы тиіс.

Біз, Алматы қаласының тұрғындары, адал салық төлеушілер және заңға бағынушы азаматтар ретінде, қазіргі жағдайға алаңдаушылық білдіреміз және уәкілетті мемлекеттік органдарды әділдікке, ашықтыққа және жауапкершілікке шақырамыз, – делінген петицияның соңында.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда жаңа ақылы автотұрақ аймақтары қаладағы ең жүктелген төрт аудандағы көшелерде орналастырылатыны хабарланған болатын.