Алматыда жаяу жүргіншілер өткелдеріндегі көтергіштердің көбі істемейді

Алматыда жерасты және жерүсті жаяу жүргіншілер өткелдеріндегі көтергіштердің көбі істемейді, толық есепке алынбаған және жиі басқа мақсатта пайдаланылады. Бұл туралы Қоғамдық кеңес мүшелері айтты, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Қоғамдық кеңес мүшесі Богдан Джепкидің айтуынша, кейбір нысандардағы көтергіш платформалар ашық қолжетімділікте тұр. Кез келген адам оны өз бетінше іске қосып, толық цикл аяқталмай тұрып түсіп кете алады. Соның салдарынан құрылғы орта жолда қатып қалады, сосын оны не жоғарыдан, не төменнен шақыру мүмкін болмайды.
Қызмет көрсетуші компания келіп, механизмді қолмен қайта іске қосқанша бірнеше сағат өтеді. Осы уақытта әлеуметтік желілерде “жұмыс істемейтін” өткелдер туралы шағымдар пайда болады. Джепкидің пікірінше, басты мәселе – бақылаудың болмауы.
Қоғамдық белсенділердің айтуынша, Жетісу ауданында 2023 жылы көтергіштерді жөндеу мен ауыстыруға 410 млн теңге бөлінген, бірақ олардың бір бөлігі әлі күнге дейін істемейді. Қатысушылардың сөзінше, әкімдік жауабында “монтаж кезінде электр желісіне қосу мәселесі ескерілмеген” деп көрсетілген.
Онда неге электр қуаты жоқ жерге көтергіш орнатады? – деп ашуланды “AltynTime” мүгедектер қоғамының президенті Сағат Омарғалиев.
Кейбір көтергіштерде ONAY көлік карталарын оқитын терминалдар орнатылған. Жүйе өкілі Василий Романов компанияның техникалық тұрғыда мүгедектігі бар адамдарға және жеңілдігі бар басқа санаттарға тегін қолжетімділікті қамтамасыз етуге дайын екенін айтты. Алайда уәкілетті органдар әлі күнге дейін пайдаланушылар санатын, қолжетімділік тәртібін және ONAY жүйесін қолданбайтын маломобильді қонақтар үшін тетіктерді анықтамаған.
Сарапшылардың айтуынша, егер бұл параметрлер ашық және айқын бекітілмесе, жеңілдік карталарының иелері көтергіштерді пайдалану үшін жартылай ақы төлеуге мәжбүр болуы мүмкін.
Қауіпсіздік және техникалық қызмет көрсету
Қазақстан лифтшілерінің ұлттық қауымдастығының басшысы Ержан Игібаев мүгедектігі бар адамдарға арналған көтергіш механизмдер жақында қауіпті техникалық құрылғылар санатына енгізілгенін еске салды.
Олар азаматтық қорғау туралы заңның әрекет ету аясына кіреді және лифттер мен эскалаторлар сияқты стандарттар бойынша қызмет көрсетілуі тиіс: есепке алынуы, техникалық паспорты болуы, жүйелі тексеруден өтуі және бұғатталу кезінде жедел әрекет ету мерзімі нақты белгіленуі керек.
Бірақ Игібаевтың айтуынша, бүгінде жерасты өткелдері мен көтергіштерге қызмет көрсету жарықтандыру мен тазалаумен бірге бір тендерге біріктіріледі, ал мердігерлердің біліктілігіне нақты талаптар қойылмайды.
Тағы бір мәселе – толық есептің болмауы: кейбір өткелдер техникалық қадағалауға жауапты ведомстволардың ресми тізімінде жоқ, бұл жауапкершіліктен жалтаруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Богдан Джепки қалада жерүсті өткелдерді салу тәжірибесінен бас тартуды ұсынды.
Адамдарға жермен жүру әлдеқайда ыңғайлы – қарттарға да, жастарға да. Алматыдағы жерүсті өткелдер жиі мәселені шешудің емес, керісінше жаңа қиындықтың көзіне айналды, – деді ол.
Қоғамдық кеңес мүшелерінің айтуынша, жиналысқа үшінші рет қатарынан жобалау ұйымдарының өкілдері мен негізгі басқарма басшылары келмеген.
Жиында негізінен аудандық әкімдік пен қызметтік құрылымдардың өкілдері ғана болды, алайда олар “мұндай шешім қабылдау құзыретімізге кірмейді” деп мәлімдеді.
Қоғамдық кеңес салынған жерүсті өткелдер “сәтсіз жоба” деп есептен шығарылмай, толық жұмыс істейтін күйге келтірілуі тиіс деп санайды.
Айта кетейік, қазанда Алматы әкімдігі мүгедектерге арналған ақылы және істемейтін көтергіштер мәселесін түсіндіріп, “барлық құрылғылардың жұмыс істеп тұрғанын және барлық өткелдер бойынша қайта тексеру жүргізіліп жатқанын” хабарлаған еді.








