Тоқаевтың Ресейге сапары: Депутат келісімдердің бағытын болжады

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сапармен Ресейге барды. Ертең екі ел басшылары кездесіп, маңызды құжаттарға қол қояды деп күтіліп отыр. Осы тұрғыда Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл Қазақстан мен Ресей арасындағы келісім қай бағытта болатынын болжады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ресей мен Қазақстан арасындағы экономикалық байланыс қашанда өзекті болған. Депутат Президенттің Ресей Федерациясына жасаған бұл сапарының маңыздылығы туралы айтты.
Қазақстан мен Ресейдің экономикасы тығыз қарым-қатынаста дамып келеді. Себебі, біздің Батысқа, Еуропаға жалпы барлық бағыттағы транзиттік жолдарымыздың 90%-ы Ресей арқылы өтеді,-деді Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл.
Сондай-ақ, депутат екі ел арасындағы келісімдер қай бағытта болатыны туралы болжап көрді.
Екіжақты кездесу Еуразиялық экономикалық одақта келісімсөз жүргізуде біздің өкілдер қалай жұмыс істейді, мүдделер қалай қорғалады деген секілді мәселелермен байланысты болады деп ойлаймын. Қазір саудада экономикалық қатынастарда әлі де әртүрлі шектеулер бар. Бұл шектеулердің көбі ситуативтік мәселелерге жауап ретінде пайда болып жатыр. Бұл мәселелерді жүйелі түрде шешуге тырысып, шектеулерді алып тастау қажет,-деп болжайды депутат.
Сонымен қатар, Ресей мен Қазақстан арасындағы кезекті келісім елімізге қандай өзгеріс әкеледі деген сауалымызға:
Біріншіден, Ресей нарығы бізге өте қызық. Екіншіден, транзиттік әлеуетті арттыру керек. Біз көп қаржы бөліп «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» жолын салдық, бірақ түрлі себептермен толық рөлін атқармай жатыр. Сондай-ақ, солтүстік, оңтүстік транзиттік дәлізді дамыту қажет. Мысалы, Ресейде Европамен салыстырғанда Иран мен Үнді мұхитын біріктіретін бағытта саяси мәселелер аздау. Сондықтан осы дәлізді дамыту арқылы да Қазақстан табыс таба алады,-деді ол.








