Жамбыл облысында азық-түлік инфляциясы 109,8%-ға жетті – өңір басшысы

Жамбыл облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының инфляциясы жыл басынан бері 109,8%-ды құрады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы өңір әкімі Ербол Қарашөкеев Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы 109,8%-ға өсті. Еттің құны, әсіресе тауық еті, сондай-ақ күнбағыс майы, сүзбе, жұмыртқа, айран, қарақұмық бағасы қымбаттады. Бұл жалпы ел бойынша байқалып отырған үрдіс, – деді әкім.
Өңір басшысының айтуынша, өңірде бағаны ұстап тұру үшін кешенді шаралар іске асырылып жатыр.
Біз дүкендерге тауарларды тұрақтандыру қоры арқылы төмендетілген бағамен тұрақты түрде жеткізіп отырмыз. Тұрақтандыру қорында қант, ұн, жұмыртқа, май және басқа да 12 түрлі азық-түлік қоры жеткілікті көлемде сақталған. Сонымен бірге, өндіруші мен сауда нүктелері арасындағы делдалдардың санын азайтып жатырмыз. Жыл басынан бері бағаны негізсіз өсірген 80-нен аса жағдай анықталды. Еске саламын, үстеме баға 15%-дан аспауы керек, – деді әкім.
Айтуынша, өңірде жәрмеңкелер жиі ұйымдастырылып, әлеуметтік павильондар жұмыс істеп тұр.
Әр апта сайын аудан-ауданда және Тараз қаласында жәрмеңкелер өткіземіз. Жыл басынан бері жәрмеңкелерде төмендетілген бағамен шамамен 150 тонна өнім сатылды. Таразда 16 әлеуметтік павильон жұмыс істейді, жақын уақытта тағы үшеуін ашамыз, – деді Ербол Қарашөкеев.
Әкімнің сөзінше, бағаның тұрақты төмендеуі тек ішкі өндіріс көлемін арттыру арқылы мүмкін болады.
Бұл мәселенің ең тиімді шешімі – өз өндірісімізді ұлғайту. Көкөніс те, ет те бойынша өсім бар. Бұл жұмысты әрі қарай жалғастырып жатырмыз, – деп қорытындылады өңір басшысы.
Еске салсақ, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашүкеев өңірдегі ажырасулар санының артуы кешенді сипатқа ие екенін және оны шешу үшін жүйелі тәсіл қажет болатынын айтты.
Белгілі болғандай, Жамбыл облысында 32,5 мың бизнес жобасына несие берілді.








