Алматыда алғаш рет үш науқасқа жаңа CSP кардиостимуляторлары орнатылды

 Алматы қалалық кардиология орталығында алғашқы рет жүректің өткізгіш жүйесін физиологиялық стимуляциялаудың (CSP) жаңа буындағы құрылғыларын имплантациялау оталары сәтті жүргізілді. Жоғары технологиялық құрылғылар жүрек ырғағы бұзылған үш науқасқа орнатылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.

Ота аритмология бөлімінің меңгерушісі Артур Абдымомунов пен шақырылған сарапшы, Краков медициналық орталығының профессоры Krzysztof Boczar, MD, PhD жетекшілік еткен білім беру мастер-класы аясында өтті.

CSP әдісі – аритмология саласындағы заманауи технологиялардың бірі. Дәстүрлі электрокардиостимуляциядан айырмашылығы, бұл тәсіл қарыншалардың табиғи синхронды жиырылуын сақтап, жүрек жетіспеушілігі даму қаупін төмендетеді және пациенттердің өмір сапасын едәуір жақсартады.

Құрылғылар өткізгіштік бұзылыстары, синус түйіні әлсіздігі синдромы және созылмалы жүрек жетіспеушілігі диагнозы қойылған науқастарға орнатылады.

Ота кезінде Biotronik компаниясының CLS (Closed Loop Stimulation) технологиясымен жабдықталған кардиостимуляторлары пайдаланылды. Бұл жүйе жүрек соғу жиілігін пациенттің физикалық және эмоциялық жағдайына қарай автоматты түрде реттеп отырады.

Құрылғылар сондай-ақ Home Monitoring жүйесін қолдайды – ол пациенттің денсаулығын қашықтан бақылап, кез келген өзгерістерге дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік береді.

Орталық директоры Ермағамбет Қуатбаевтың айтуынша, заманауи медициналық технологияларды енгізу және мамандарды жаңа әдістерге үйрету – қаланың кардиологиялық қызметін дамытудың басты бағыттарының бірі.

Алматы қалалық кардиология орталығы тұрғындардың денсаулығын қорғау мақсатында инновациялық шешімдерді одан әрі енгізуді жалғастыратынын хабарлады.