«Заң мен тәртіп»: Астанада журналистерге арналған кәсіби тренинг өтті

Бүгін Астана қаласының прокуратурасы Қазақстан Медиа Альянсы» қоғамдық бірлестігі және Maqsut Narikbayev University бірлесіп универститет қабырғасында “Atameken Business” медиа-холдингі журналистері мен студенттерге арналған қазіргі медиасаланың өзекті мәселелерінің бірі – журналистердің құқықтық жауапкершілігі туралы алғашқы тренинг өткізді, — деп хабарлайды «dalatimes.kz» ақпараттық агенттігі.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен бекітілген «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында «Журналистердің құқықтық жауапкершілігі» тақырыбындағы алғашқы оқыту тренингі.

Жобаның негізгі мақсаты — БАҚ өкілдерінің құқықтық сауаттылығын арттыру, болашақ медиамамандардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ БАҚ пен құқық қорғау органдары арасындағы тиімді коммуникацияны нығайту, құқықтық нормалар мен кәсіби этиканың өзара байланысын тереңірек түсіндіру.

50-ден астам адам қатысқан тренинг спикері — Астана қаласы прокуратурасының мемлекеттік айыптауды қолдау және апелляциялық инстанцияда қатысу басқармасының басшысы Айжан Талғатқызы Аймағанова болып, журналистер мен медиа саласындағы маңызды құқықтық нормалар жөнінде баяндама жасады.

Спикер өз сөзінде: «Біз ақпараттың заңдық бағасы беріліп үлгергенше тез таралатын кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Кейде бір ғана сөз, бір ғана тақырып немесе бір ғана жазба — абыройға нұқсан келтіруден бастап қылмыстық жауапкершілікке дейінгі ауыр салдарға әкелуі мүмкін. Журналистің құқықтық сауаттылығы — қосымша дағды емес, қауіпсіз әрі кәсіби жұмыстың негізі. Заңды сақтау — қиын емес. Қиыны — оны білмеу. Егер сіз біліммен қаруланған болсаңыз, жұмысыңызда әрқашан мықты, сабырлы және еркін боласыз. Журналистермен өзара іс-қимыл прокуратура өкілінің ашық, білікті және заманауи бейнесін қалыптастыруға көмектеседі. Мұндай тренингтер өткір немесе арандатушылық сұрақтарға дайындалуға, байсалды болуға, сенімділік сақтауға және қажетті ойды дәл жеткізуге мүмкіндік береді. Одан бөлек, әрбір сөздің нақты, заң тұрғысынан дұрыс және қоғамға түсінікті болуын қамтамасыз етеді» — деді.

Ол қатысушыларға төмендегі бағыттар бойынша практикалық ақпарат берді:

* қылмыстық жауаптылық пен әкімшілік жауаптылық арасындағы айырмашылықтың ерекшеліктері мәселелері түсіндірілді.

* журналистің құқықтары мен міндеттері;

* қоғамдық маңызы бар ақпаратты таратудағы жауапкершілік шектері;

* жалған ақпарат, беделге нұқсан келтіру, жеке деректерді қорғауға қатысты заң нормалары;

* кәсіби қызметті жүзеге асыру кезінде сақтауға міндетті өзге де заң талаптары.

Сонымен қатар тренинг барысында қатысушылар нақты жағдайлар негізінде талдау жүргізіп, прокурорлық тәжірибеден алынған мысалдармен танысты. Атап айтқанда, журналистер мен блогерлер айыпталушы болған бірқатар резонансты қылмыстық істердің мысалдары келтірілді. Бұл аудитория тарапынан ерекше қызығушылық тудырып, құқық қолдану тәжірибесін талқылауға, болашақ журналистердің құқықтық сауаттылығын арттырып, кәсіби ортада сенімді әрі қауіпсіз жұмыс жасауына мүмкіндік береді.