Алматыда әлеуметтік саланы дамытудың басым бағыттары айқындалды

 ҚР Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен Алматы қаласында әлеуметтік саланы дамыту мәселелері бойынша бірқатар кеңес өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жұмыс сапары аясында білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау жүйелерін дамытуға қатысты негізгі мәселелер, сондай-ақ цифрлық жүйелерді енгізу және әлеуметтік саладағы жұмысты тиімді ету шаралары қаралды.

Премьер-министрдің орынбасары Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы орындау үшін орталық және жергілікті атқарушы органдар өзара тығыз байланыс орнатып, әр әлеуметтік саясат бағыты бойынша бірлескен кешенді жоспарлар әзірлеу қажет екенін айтты. Сапардың басты іс-шарасы Алматы қаласының атқарушы органдары мен қала әкімі Дархан Сатыбалды қатысқан жиын болды. Отырыс барысында денсаулық сақтау, оқу-ағарту, туризм және спорт министрлері, сондай-ақ еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, ғылым және жоғары білім вице-министрлері баяндама жасады. Вице-премьер А. Балаеваға мегаполистегі әлеуметтік сала бойынша кешенді талдау нәтижелері таныстырылып, негізгі мәселелер мен сұрақтар анықталды, сондай-ақ жүйелі шешімдер ұсынылды.

Сонымен қатар қаладағы мектепке дейінгі және орта білім жүйесі қаралды. Салада кадр тапшылығы, басқару сапасына байланысты бірқатар мәселе бар. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың мәліметінше, Алматыда 1 065 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, оның 866-сы – жекеменшік. Қамтылған бала саны – 86 мың. Қалаға 2 мыңнан астам маман қажет. Бұл тапшылықтың 90%-ы жекеменшік ұйымдарда байқалады. Мектептердегі оқушылар саны жыл сайын 10-13 мыңға артып келеді. Алайда мектептерде 27 мыңға жуық орын жетіспейді. Жиын барысында цифрландыру мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Цифрлық жүйе енгізілген соң, жекеменшік балабақшалар мен мектептердегі білім беру үдерісін ұйымдастыру барысында заңбұзушылықтар анықталды. Атап айтсақ, жалған есеп пен іс жүзінде жұмыс істемейтін қызметкерлер анықталды. Нәтижесінде жеті жекеменшік мектеп мемлекеттік білім беру тапсырысына қатыса алмады.

Осыған байланысты Премьер-министрдің орынбасары цифрландыру тәртіп орнатуға және жұмыс үдерістерін тиімді етуге қажет құрал екенін атап өтті.

Қазақстан цифрлық мемлекетке айналуы тиіс. Цифрландыру мен жасанды интеллектінің белгілі бір қиындықтарымен қатар, артықшылықтары да бар. Біз осы артықшылықтарды, ең алдымен, жұмыс үдерістерін оңтайландыру үшін пайдалануымыз керек. Тіпті кей цифрлық жүйелер мектепке дейінгі және орта білім беру саласындағы жалған тіркелген азаматтар мәселесінің ауқымын көрсетті. Біз барлығын бірдей айыптағымыз келмейді, бірақ жүйеге және жалпы мұғалімдер қауымына кедергі келтіріп отырған басқарушылар бар, – деді Аида Балаева.

Сонымен қатар ол білім берудің барлық деңгейі бір-бірімен тығыз байланыста болу керек екенін сөз етті. Мектептің тәрбиелік рөлін күшейтудің маңызына тоқталып, Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан» мен «Таза Қазақстан» қағидаттарын жүйелі түрде енгізу қажеттігін айтты.

Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенованың мәліметінше, Алматыда 236 мың студент білім алып жатыр, бұл – елдегі барлық студенттердің шамамен үштен бірі бөлігі. 2032 жылға дейін талапкерлер саны жыл сайын 23–24 мың адамға артуы мүмкін. Бұл инфрақұрылымды алдын ала дамытуды және жоғары оқу орындарымен өзара байланысты күшейтуді талап етеді.

Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне де ерекше назар аударылды. Көптеген колледждерде заманауи инфрақұрылым жеткіліксіз, ал кейбір мамандықтарға еңбек нарығында нақты сұраныс айқындалмаған. Жасанды интеллектінің дамуына байланысты бірқатар мамандық өзектілігін жоғалтып бара жатқаны да айтылды.