Қазақстанның барлық автожолында мобильді байланыс пайда болмақ

Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен «Транстелеком» АҚ (ТТС) Қазақстан автожолдарының бойында тұрақты мобильді интернет пен байланысты қамтамасыз ететін телекоммуникациялық инфрақұрылым салу туралы келісімге қол қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жоба «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылып, мобильді байланыс жоқ немесе тұрақсыз жұмыс істейтін автожол учаскелеріндегі «ақ дақтарды» жоюға бағытталған. Жобаны іске асыру нәтижесінде жүргізушілер мен жолаушылар жол бойында интернетті навигация үшін, шұғыл қоңыраулар жасауға, сондай-ақ мемлекеттік және банк сервистерін пайдалануға мүмкіндік алады.
Жоба кезең-кезеңімен іске асырылады. Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын мобильді байланыспен қамтамасыз ету жұмыстары 2026 жылдың соңына дейін, ал облыстық маңызы бар жолдарда 2027 жылдың соңына дейін аяқталады. Келісім аясында жоба мемлекеттік қаржыландырусыз жүзеге асырады.
Жоспарға сәйкес, жоба екі кезеңде жалпы ұзындығы 40 мың шақырымнан астам автомобиль жолын қамтиды. Жол бойындағы тұрақты байланыстың болуы жол қозғалысы қауіпсіздігін арттырып, жедел қызметтердің әрекет ету жылдамдығын жақсартады, сондай-ақ көлік ағынын интеллектуалды басқару жүйелері мен жол жағдайын мониторингтеу технологияларын енгізуге мүмкіндік береді.
Жоба аясында 500-ден астам антенна-мачталық құрылыстар мен мобильді байланыс базалық станциялары салынады. Бұл елдің негізгі көлік бағыттарында байланыстың қамту аумағын кеңейтіп, қызмет сапасын едәуір жақсартады.
Байланыстың қолжетімділігін арттыру мақсатында «Транстелеком» АҚ салған инфрақұрылымды басқа ұялы байланыс операторларының пайдалануына мүмкіндік береді. Бұл мобильді байланыстың қамту аймағын жедел кеңейтуге және таңдалған операторға қарамастан, барлық азаматтар үшін қызмет сапасын арттыруға ықпал етеді.








