Рамазан айында мұқтаждарға қандай көмек көрсетіледі? – ҚМДБ жауап берді

ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры Мақсатбек Қайырғалиев әлеуметтік желіде тарап жатқан ақпаратты жоққа шығарып, қандай жағдайда азаматтарға қолдау көрсетілетінін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Рамазан айына орай әлеуметтік көмек көрсетілетіні туралы ақпарат тарағанын жазған болатынбыз. ҚМДБ бұл ақпаратты жалған деп таныды.

Қайырғалиевтің айтуынша, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жүзеге асыратын барлық қайырымдылық іс-шаралар тек ресми сайттарда жарияланады және ол үшін ешқандай онлайн тіркеу талап етілмейді. Мұқтаж жандар көмек алу үшін қор өкілдеріне өздері келіп, жазбаша түрде өтініш қалдырады. Өтінішке әлеуметтік жағдайын растайтын құжаттар қоса тіркеледі. Кейін бұл өтініштер комиссиялық түрде қаралып, шешім шыққаннан соң ғана көмек көрсетіледі. Рамазан айында сайт арқылы тіркелу деген тәжірибе бізде жоқ, – деді қор директоры.

Сонымен қатар Рамазан айында ҚМДБ тарапынан халыққа негізінен ауызашар ұйымдастыру, балаларға рамазан тәттілерін тарату және мұқтаж отбасыларға азық-түлік себеттерін үлестіру жұмыстары жүргізіледі. Ақшалай көмек кейбір жағдайларда ғана көрсетілуі мүмкін, алайда бұл барлық өңірде жаппай жүзеге асатын шара емес.

Мақсатбек Қайырғалиевтің айтуынша, егер белгілі бір өңірде демеушілер табылса, қор өкілдері оларды мұқтаж отбасылармен байланыстырып береді. Алайда қор тарапынан жаппай ақшалай көмек көрсету үшін өтініш қабылдау тәжірибесі ешқашан болмаған.