Мұғалімдерді жұмысқа қабылдау жүйесі қалай өзгереді?

Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева депутаттардың мұғалімдерді аттестациялау және жұмысқа қабылдау рәсімдеріне қатысты сауалына жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, педагогтерді бағалау жүйесі 2016 жылдан бастап мемлекеттік білім беру саясатына сәйкес кезең-кезеңімен жетілдіріліп келеді. Осы уақыт ішінде педагогтерді аттестаттауды ұйымдастыру және өткізу қағидаларына бірқатар өзгерістер енгізіліп, кәсіби стандарттар мен біліктілік талаптары күшейтілді.

Аттестация барысында мұғалімдердің практикалық педагогикалық шеберлігін бағалауға басымдық беріліп келеді. Осы мақсатта сабақтарды бақылау тетігі енгізілген. Әрбір педагог жыл сайын өз портфолиосына кемінде бес сабақтың бақылау парағын енгізуге міндетті. Сонымен қатар сабақтарды бақылауға арналған арнайы мобильді қосымша әзірленіп, қолданысқа енгізілді, — делінген Балаеваның жауабында.

Педагогтер өткізілген сабақтардың бағалау критерийлері мен нәтижелерімен «Ұстаз» ұлттық платформасы арқылы таныса алады.

Мемлекеттік білім беру ұйымдарына педагогтерді жұмысқа қабылдау 2022 жылдан бастап конкурстық негізде жүзеге асырылады. Ал 2024 жылғы 1 сәуірден бастап Оқу-ағарту министрлігі Ұлттық білім беру деректер базасында «Педагогтерді жұмысқа қабылдау» жаңа модулін іске қосты. Бұл модуль конкурстық рәсімді толық автоматтандырып, бос орындарды іздеу және өтінім беру процесін жеңілдетті.

Қазіргі уақытта министрлік қызметке тағайындау қағидаларына мемлекеттік білім беру ұйымдарының бос немесе уақытша бос лауазымына конкурсқа қатысу үшін педагогтердің құжаттарын қабылдау жөніндегі мемлекеттік қызметті енгізу, кандидаттарды бағалау рәсімін нақтылау бөлігінде өзгерістерді пысықтап жатыр. Бұл түзетулер конкурсқа қатысу үшін педагогтердің құжаттарын қабылдау рәсімінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға, басқарушылық үдерістерді оңайлатуға және адами фактордың ықпалын азайтуға бағытталған, — деді Аида Балаева.

Бұған дейін «қашықтан оқыту кезінде мұғалімдер де онлайн жұмыс істей ала ма?» деген сауалға жауап берген едік.