Қазақстанда жолдар жаппай жабылды: Қолайсыз ауа райы қозғалысты тежеді

2026 жылғы 9 ақпанда ауа райының күрт нашарлауына байланысты республикалық маңызы бар бірқатар автожол учаскелерінде көліктің барлық түрі үшін уақытша қозғалыс шектеуі енгізілді. Шектеулер Қарағанды, Павлодар, Жамбыл, Ақмола және Абай облыстарын қамтыды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қарағанды және Павлодар облыстарында «Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Шідерті» автожолының 970-1206 шақырым аралығы жабылды. Жолдың шамамен ашылу уақыты – 2026 жылғы 10 ақпан сағат 09:00.

Абай облысында «Алматы – Талдықорған – Өскемен – Шемонаиха – РФ шекарасы» (683-768 км) және «Таскескен – Бақты – ҚХР шекарасы» (0-75 км) тасжолдарында қозғалыс шектелді. Бұл учаскелер де 10 ақпан күні сағат 09:00 шамасында ашылады деп жоспарлануда.

Сондай-ақ Ақмола, Қарағанды және Жамбыл облыстарындағы «Астана – Қарағанды – Алматы» автожолының бірқатар бөліктері, оның ішінде жүк және қоғамдық көліктер үшін де жабылды. Шығыс Қазақстан облысында «Өскемен – Алтай – Үлкен Нарын – Катонқарағай – Рахман қайнары» тасжолының 7-166 шақырымы аралығында уақытша шектеу енгізілді.

Жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігі үшін ІІМ мен жол қызметтері аталған учаскелерде шектеу алынғанға дейін жолға шықпауға шақырады. Көптеген жолдардың шамамен ашылу уақыты – 2026 жылғы 10 ақпан сағат 08:00-09:00 аралығы, алайда бұл ауа райы жағдайына байланысты нақтыланатыны айтылды.

Еске салсақ, «Қазгидромет» РМК мамандары 10, 11 және 12 ақпанға ауа райы болжамын жариялады. Қазақстанның басым бөлігінде қар мен жаңбыр жауып, боран, көктайғақ, бұршақ, қатты жел болады. Кезең соңында антициклон келіп, солтүстік пен орталықта аяз -30 градусқа дейін күшейеді.