ШЫМКЕНТ: Оқушылар Ұлттық Мектеп Лигасынан 14 медаль иемденді
Мектеп оқушылары арасында өткен республикалық Ұлттық Мектеп Лигасының жалпы қорытындысы бойынша Шымкент қаласы жүлделі 2-орынды жеңіп алды. Спорттың 10 түрінен өткен сайыстан оқушылар 10 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль иемденді. 4 кезеңнен тұрған жарыстың ақтық мәресіне 360 шымкенттік оқушы қатысқан.
Жарыстың мақсаты — мектеп оқушыларының бос уақытын тиімді пайдалану, спортпен шұғылданушыларды қалыптастыру, салауатты өмір салтын насихаттау,бұхаралық спортты дамыту, спорт түрлері бойынша үздік мектеп командаларын анықтау.
Еске сала өтсек, Шымкент қаласында мектеп оқушылары арасында спорттың 10 түрінен (баскетбол, волейбол, гандбол, футзал, футбол, тоғызқұмалақ, асық ату, бес асық, үстел теннисі, президенттік сынама) жас ерекшеліктері бойынша «Ұлттық Мектеп Лигасының» қалалық кезеңі ақпан-сәуір айларында өткізілген болатын.
Білім беру ұйымдарының инфрақұрылымын дамыту шеңберінде биыл 32 мектептің құрылысы қолға алынған. Оның ішінде 12 мектептің құрылысы мемлекет есебінен жүргізілсе, 20 мектепті жеке инвесторлар салуда. Биыл 20 мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Нәтижесінде апатты мектеп мәселесі түпкілікті шешіліп, үш ауысымды мектептер саны 14-тен 9 мектепке төмендейді.