Қостанай облысының кәсіпкері «Саналы бизнес – ел тірегі» акциясын қолдады

Еліміздің әр өңіріндегі кәсіпкерлер «Саналы бизнес – ел тірегі» акциясына қатысып жатыр. Акцияның мақсаты – негізсіз үстеме баға мен артық пайдадан бас тарту. Әділ баға бизнес тарапынан әлеуметтік жауапкершіліктің және азаматтардың табысына құрметтің көрінісі ретінде қарастырылады. Акцияға қатысушылардың бірі – кәсіпкер Жеңіс Төленов, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жеңіс Төленов – Қостанай облысындағы «Қарасу Ет» ЖШС директоры. Компания мал сою және өңдеумен, сондай-ақ шұжық және деликатес өнімдерін шығарумен айналысады. Өндіріс толық цикл қағидатымен ұйымдастырылған: мал сатып алудан бастап, дайын өнімді дүкен сөресіне дейін жеткізуге дейінгі барлық кезең қамтылған.
Кәсіпкер бұл салада 10 жылдан астам уақыттан бері еңбек етіп келеді. Осы уақыт ішінде оның кәсіпорны өңірдегі тұрақты ет өнімдерін өндірушілердің біріне айналған. Компанияда 50-ден астам адам жұмыс істейді.
Жеңіс Төленов өндірісті дамыту туралы шешімді туған жері – Қостанай облысындағы Қарасу ауылына оралғаннан кейін саналы түрде қабылдағанын айтады. Уақыт өте келе өз жерінде маңызды іс тындырып, нақты нәтиже беретін дүние жасағысы келгенін жеткізді.
Оның сөзінше, өңірдің әлеуеті зор – ауыл шаруашылығы дамыған, шикізат сапалы, еңбекқор адамдар бар. Алайда аграрлық ел үшін тек шикізат өндірумен шектелмей, оны ел ішінде өңдеп, қосымша құн қалыптастыру маңызды.
Жеңіс Төленов шынайы, сапалы өнім шығаруды ұнататынын да жасырмайды. Айтуынша, күн сайын жауапкершілік сезіледі, өйткені ет пен шұжықты, деликатес өнімдерін адамдар отбасына сатып алады.
Салық кодексіне өзгерістер талқыланған кезеңде өнім бағасын көтермеу туралы шешімін кәсіпкер компания барлық шығынды алдын ала есептеп, бағаны қайта қарауға нақты негіз көрмегенімен түсіндірді.
Салық кодексіне қатысты өзгерістер талқыланып, қоғамда белгілі бір дүрбелең болған кезде көпшілігі баға саясатын қайта қарап жатты. Біз барлық көрсеткіштерді мұқият талдадық – өзіндік құнды, логистиканы, ішкі шығындарды. Барлығын таразылап, сол сәтте бағаны көтеруге объективті себеп жоқ деген қорытындыға келдік. Сондықтан бұрынғы баға деңгейін сақтап, тұтынушыларды қолдауға шешім қабылдадық, – деді кәсіпкер акция туралы.
Ол компания бағаны көтеруден саналы түрде бас тартқанын, оның орнына шығындарды оңтайландыруға және сапаны сақтауға басымдық бергенін атап өтті. Мақсат – сатып алушылардың сенімін жоғалтпай, ұзақмерзімді бедел қалыптастыру.
Экономикалық қажеттілік болған жоқ. Білікті басқару, процестерді оңтайландыру және шығындарды бақылау арқылы сапаны төмендетпей бағаны ұстап тұруға болады. Біздің міндет – қысқамерзімді пайда емес, ұзақмерзімді бедел үшін жұмыс істеу. Біз үшін тұрақтылық пен клиенттердің сенімі бір реттік табыстан маңызды, – деді ол.
Кәсіпкер компания әр кезеңде сапаға, адамдарға құрметке және күн сайын сатып алынатын өнімге деген жауапкершілікке ерекше мән беретінін қосты.
Басты қағида – әрбір тілімде сапа. Біз процесті фермерлік шаруашылықтан бастап, тұтынушының сөресіне дейін қадағалаймыз. Өнім адал болуға тиіс – шикізатта, технологияда, стандартта ымыраға жол жоқ. Екінші қағида – адамдарға құрмет: қызметкерлерге, серіктестерге, сатып алушыларға адалдық. Үшінші – жауапкершілік. Азық-түлік өндірісі әрдайым сенімге негізделеді. Ал сенім жылдар бойы қалыптасады және тұрақты еңбекті талап етеді. Бизнес тек пайдаға емес, беделге де құрылуы керек. Бедел – ең қымбат капитал, — деді кәсіпкер.







