Қазақстанда қатерлі ісікке шалдыққан науқастардың өмір сүру көрсеткіші 16%-ға артты – министрлік

Соңғы жылдары Қазақстанда қатерлі ісікке шалдыққан науқастардың 5 жылдық өмір сүру көрсеткіші 16%-ға артты, ал сәулелік терапиямен қамту деңгейі 13%-ға өсті. Сонымен қатар онкологиялық ауруларды ерте сатысында анықтау көрсеткіші 4%-ға көбейген, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл мәліметтерді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Астанадағы Көпсалалы медициналық орталыққа сапары кезінде айтты. Оның сөзінше, бұл онкологиялық ауруға шалдыққан науқастардың көбірек өмір сүріп, емді уақытында алуына мүмкіндік беріп отыр.

Орталықты аралау барысында министрге дәрігерлер қазіргі уақытта қолданылып жатқан заманауи медициналық технологияларды таныстырды. Олардың қатарында сәулелік терапияны жоспарлауға арналған КТ-симулятор және сәулені ісікке барынша дәл бағыттап, сау тіндерді сақтауға мүмкіндік беретін TrueBeam аппараты бар, — деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.

Сонымен қатар медицина саласында жасанды интеллект технологиялары да кеңінен енгізіліп жатыр. Мәселен, Cerebra жүйесі дәрігерлерге медициналық суреттерді талдауға және диагноз қою барысында, соның ішінде инсультке күдік туындағанда, шешімді жылдам қабылдауға көмектеседі.

Ерекше назар сүт безі қатерлі ісігін ерте анықтауға да аударылып отыр. Маммологиялық орталықта жабдықтар жаңартылып, бұл ауруды жылдам анықтауға және тексеру мерзімін қысқартуға мүмкіндік берген.

Бұдан бөлек, министр эндоскопиялық орталықтың жұмысымен де танысты. Мұнда диагностикалық және емдік процедуралар жүргізіледі. Өткен жылы орталықта күрделі жөндеу жүргізіліп, жаңа жабдықтар орнатылған. Соның арқасында аз инвазивті емдеу әдістерін қолдану аясы кеңейген.

Елімізде жоғары технологиялық медициналық орталықтар ашу жұмысы да жалғасуда. Мәселен, 2025 жылдың қараша айында Астанада протондық терапия орталығы іске қосылды. Бұл қатерлі ісікті емдеудің ең заманауи әдістерінің бірі саналады. Қазір онда 38 пациент ем алып жатыр, — делінген ДСМ хабарламасында.

Сонымен қатар Қазақстанда Қызылорда мен Ақтауда екі жаңа ПЭТ/КТ орталығы ашылды. Қазіргі уақытта ел бойынша мұндай 16 орталық жұмыс істейді, онда шамамен 280 зерттеу жүргізілген.

Барлық өңірлерде сараптамалық эндоскопиялық орталықтар да құрылды. Тек өткен жылдың өзінде мұнда 15 мыңнан астам зерттеу жасалған.

Министрдің айтуынша, заманауи технологияларды енгізу, медициналық инфрақұрылымды дамыту және жасанды интеллектті қолдану онкологиялық ауруларды анықтау мен емдеудің сапасын арттыруға мүмкіндік беріп отыр.